Онколог: Тісті уақытында емдетпеу қатерлі ісікке әкелуі мүмкін

Кейде жай ғана тіс ауырғанның өзі өкінерлік жағдайға ұласуы мүмкін екендігін ескере бермейміз. Неліктен мұрын, ауыз, құлақ қуысын емдеуді кейінге қалдырмаған жөн? Осы және өзге де сұрақтарға Ұлттық ғылыми онкология орталығының хирург-дәрігері, жоғары санаттағы отоларинголог, профессор Болат Шалабаев BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

- Болат Жарылқасынұлы, өзіңіз жілігін шағып, майын ішіп жүрген салада хирургиялық жолмен емдеу әлі де басты рөлде ме?

- Бас пен мойынның ісіктерін емдеумен айналысатын онколог мамандардың басым көпшілігі әлі күнге бас пен мойынның қатерлі ісіктерін үйлесімді емдеудегі басымдылық – хирургиялық емдеу деген пікірді ұстанады. Ол (хирургиялық емдеу – ред.) аурудың бірінші немесе одан кейінгі кезеңінде қолданылуы мүмкін. Бірақ химиялық немесе сәулелік терапияны ешқандай жағдайда елеусіз қалдыруға болмайды, оның үстіне, ол үйлесімді емдеуде маңызды орынға ие. Әрине, сәулелік терапияға «көнетін» патологиялар да бар.

- Сәулелік терапия қандай жағдайда тиімді?

- Сәулелік терапия мұрынжұтқыншақ пен ауызжұтқыншақтың ісіктері кезінде қолданылады. Қалған жағдайларда біз хирургиялық жолмен емдеуге басымдық береміз. Әр жағдайда біздің дәрігерлеріміз жіті зерттейтіні анық. Олар консилиум өткізіп барып, одан кейін ғана барынша қолайлы емдеу әдісін таңдайды.

Өкінішке қарай, хирургиялық емдеуде көбінесе үлкен қатермен бетпе-бет келуімізге тура келеді. Өйткені көп пациентіміз ауру өте қатты асқынған кезде бір-ақ келеді. Көп жағдайда емді аурудың соңғы сатысында бастайды деп айтуға болады. Мысалы, екі апта бұрын бізде бір күрделі жағдай орын алды: пациент бұрын кавернозды синус менингиомасына байланысты нейрохирургиялық операция жасатқан екен. Одан кейін барып жоғарғы жақсүйегінен көз шарасына дейін өсіп, жақсүйектің негізіне дейін өскен ісік бары анықталды.

- Қандай ем қолдандыңыздар?

- Нейрохирургпен ұзақ кеңесіп, ең соңында бұл операция жасауға келетін ісік деген шешімге келдік. Шын мәнінде, ол адам үшін бұл өлімнен құтқаратын жалғыз мүмкіндік еді. Жоғарғы жақсүйектің обыры сынды мұндай патология кезінде хирургияға басымдық беріледі. Біз тек ісікті ғана емес, оның жанындағы тіндерді, жоғарғы жақсүйекті, көз шарасының ішіндегісін толықтай алып тастауымызға тура келді. Бұл пациентті құтқарып қалудың жалғыз жолы еді.

Қазір ол адам сөйлей бастады, уақыт өте келе басқа адамдар сияқты тамақ іше алады. Бұл мұндай жалғыз жағдай емес. Ондай науқастар біздің бөлімшемізге жиі түседі. Мүмкіндігінше бәріне көмектесуге тырысамыз.

- Хирургиялық емді талап ететін осындай күрделі жағдайларда алдарыңызға қандай мақсат-міндет қоясыздар?

- Бәрінен бұрын клиникалық, зертханалық деректерді жіті талдап, сондай-ақ гистологиялық және КТ тексерулердің нәтижелерін нақтылап қараймыз. Клиникалық тексеріс талдауы мен КТ ісіктің орналасқан жерін, оның таралуы мен айналасындағы анатомиялық ісіктерге, ірі тамырларға, бассүйек негізіне, көз шарасына, тыныс алу жолдарына қатынасын анықтауға мүмкіндік береді.

Мұндай талдау науқастың операцияға жарайтын-жарамайтындығын, ісікті алып тастау үшін жасалуы мүмкін хирургиялық тәсілдерді, операцияның көлемі мен функционалдық қалпына келу және оңалту мүмкіндіктері сынды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Соңғы кезеңінде науқастың жағдайы біздің онкологиялық мекемеміздің мультидисциплинарлық тобының консилиумында қаралады. Оның ішінде, арнайы емдеудің жүйелілігі, атап айтқанда, хирургиялық емдеу кезеңі, химиялық және сәулелік терапия қарастырылады.

- Өзге саладағы мамандармен команда болып жиі жұмыс істейсіздер ме?

- Біз операцияны жасағанда мультидисциплинарлық тәсілді қолдануға тырысамыз. Бұл жерде ісікке қарай жатқан тамырларды эмболизациялау үшін интервенциялық хирургтар тартылуы мүмкін. Сондай-ақ кейде ірі тамырлар зақымдалған жағдайда көмек беруі үшін ангиохирургтар да қатысады. Соңғы кезеңде ісікті алып тастау жүргізіледі.

Осындай ұстанымдарды ұстай отырып, мәселен, бассүйек негізінде жатқан ірі ісікті алдық. Операция сәтті өтті, қандай да бір ауыр асқынусыз ісікті алып тастадық. Осы орайда, айта кетерлігі, ісіктің өзінің үлкендігі теннис добының көлеміндей болды, ол ұйқы артериясын басып тұрған екен. Сөйтіп өмірге қауіп төндірген. Дайындықтың арқасында ірі тамырларды сақтап қалып, қатерлі ісікті алып шықтық.

Кідіріссіз реконструкцияны қажет ететін, мысалы, төменгі жақсүйектің операциясын жасау қажет жағдайлар кездеседі. Ондай кезде өзге медициналық саладағы әріптестерімізбен бірігіп жұмыс істеуге тура келеді. Төменгі жақсүйекке операция жасаған кезде мәселен, пластикалық хирург көмекке келеді.

- Қазіргі сәтте дамытып жүрген қандай да бір жаңа бағыттар бар ма?

- Жуырда жаңа бір бағытты дамытуды бастадық. Есту жолдарындағы терінің обырлық зақымдалуына шалдыққан науқастар санаты бар. Ол ортаңғы құлаққа таралады. Бүкіл посткеңестік кеңістікте құлақ ісіктерімен айналысатын бір ғана онкологиялық бөлімше бар. Оның өзі Ресейде орналасқан.

Онкодиспансерде бұл ағзаға операция жасай алатын лор-дәрігерлер жоқтың қасы. Біздің құлақ хирургиясын жақсы меңгерген оториноларинголог-дәрігеріміз Ұлбала Әділханованың арқасында біз өзіміздің бөлімшеміздің аясында осы бағытты дамытуды бастадық. Әдетте мұндай онкоаурулармен зардап шегетін науқастар сәулелік терапияға, химиотерапияға жіберіледі. Алайда бұл көбінесе қайғылы аяқталады. Мысалы, бір есту жолдарының бас жағындағы бөлімдерінің терісі зақымдалған бір пациентіміз болды. Ісік әрі қарай тереңге еніп, ортаңғы құлаққа дейін жеткен. Біз мультидисциплинарлық тәсілді қолдандық.

Бірінші кезеңде Ұлбала Әділханова операцияның барынша күрделі сүйек бөлігін орындады, яғни ортаңғы құлаққа өтіп, оның әрі қарай таралуының алдын алу үшін ісікті алып тастады. Одан кейін біз – онкологтар оның сыртқы бөлігіне өтіп, барлық қоршап жатқан тіндерді алдық. Бақытымызға орай, бет нервтерінің функциясын сақтауға мүмкіндік болды. Есту қабілеті де сақталды.

Операцияның соңғы кезеңінде реконструкциялық жұмысты орындау үшін пластикалық хирургты қостық. Осылайша, пациентіміз толыққанды өмір сүруге мүмкіндікке қол жеткізді. Операцияға дейні ол есту жолдарының қатты ауырсынуынан зардап шеккен екен. Пациентке оған дейін сәулелік терапия да жасалған, алайда ол еш көмегін бермеген. Себебі ісік өте тереңде орналасқан. Бұл мысал түбегейлі хирургиялық ем оған ісіктен құтылуға көмектескенінің айқын дәлелі. Жалпы, біздің мамандарымыз Қазақстан үшін бірегей әдісті меңгеріп келеді деп айта аламын.

- Өздеріңіз әзірлеп жатқан қандай да бір инновациялар бар ма?

- Өзіңіз көріп отырғандай, бүкіл әлем сол инновацияларды жасап жатыр. Біздің мақсатымыз – жетекші елдермен бір деңгейде болу. Инновациялар тұрақты негізде пайда болуда, бізге солардан қалыс қалмау керек. Былай деп айтайын: дәрігерлеріміз Израильге барған соң бізде операцияны ол жаққа қарағанда еш кем жасамайды деген тұжырымға келді. Израильдық дәрігерлер орындайтын көлемді біздің дәрігерлер де жасап жүр.

Әрине, жаңалау технологиялар бар, бірақ бізге әлі қолжетімсіздері де бар. Мысалы, жақсүйектің титан импланттарын қолдану. Тіпті, бұл жағдайдың өзінде жаңа инновация енгізуге мүмкіндік бар: сәйкес зауыттарды тауып, сол технологияларды сатып үшін қаржыландыру жағын қамтамасыз ету керек. Біздің операцияларымыздың бірқатары төменгі жақсүйектегі ісіктерді алып тастаумен байланысты. Біз жақсүйектегі алынған фрагменттердің орнына қабырға немесе кіші жілік сүйегінен алып саламыз. Алайда біз барынша инновациялық материалдар қажет. Болашақта орталығымыздың дәрігерлерінің қолы оған да жетеді деп ойлаймын.

- Дәрігер ретінде қандай профилактиканы қолдануға кеңес берер едіңіз?

- Профилактика шын мәнінде өте қарапайым. Созылмалы ауруларды дер кезінде емдету керек. Бұл мұрын, құлақ, ауыз қуысына қатысты. Мен жаңа айтқанымдай, көп пациенттеріміз аурулары өте қатты асқынған кезде келеді. Тістерін, мұрын полипін уақытылы емдетпейді. Бұл үлкен қатерге алып келуі мүмкін жайттар. Өзіңіз ойлап қараңыз, ісікке ұқсайтын мұрын полипі бар адамдар келеді. Көп жағдайда қатерлі ісікке айналу процесі ұзақ уақыт бойы емделмеген созылмалы қабыну ауруларының салдарынан пайда болады. Одан бөлек, шылым шегу, алкогольдік ішімдерді ішу мен насыбай ату да үлкен зиян келтіреді. Ыстық сусын, ыстық шай ішу де өңеш пен ауыз қуысының ісігіне алып келуі ықтимал.

- Өз салаңыздағы жас мамандардың мәселесі қалай?

- Бізбен бірге үш жас маман жұмыс істейді, олардың екеуі – дәрігер, біреуі – резидент ретінде. Операциялардың біразын олар өздігінен де жасай береді. Ал кейбір операцияларға тәжірибесі мол әріптестерінің бақылауымен кіреді. Болашақта жоғары санаттағы мамандар болады деп көп үміт күттіретін жастар деп айтар едім. Олар көп емес, біраз сан емес, сапа маңызды. Олардың тек жұмысқа деген ғана емес, оқуға деген ынтасын байқаймын.

Теориялық сипаттағы мәселелерді солармен бірге ақылдасамыз. Оларға өз пікірлерін айтуға мүмкіндік беремін: кейде келісетін, кейде келіспейтін жерлерім болуы мүмкін. Олар кейде маған кеңес береді. Біздің жұмыста ең бастысы – қолданбалы машықтар. Осы тұрғыда жас мамандар үнемі оны толықтырып отырады.

- Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық ғылыми онкология орталығының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы