Онколог: Коронавирусты емдеу кезінде біраз адамнан қатерлі ісік анықтадық
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлемді індет жайлаған тұста онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарға вирустың әсері қандай деген сұрақ баршаны толғандырары анық. Шын мәнінде коронавирус онкологияны қоздыра ма? Пандемия кезінде қатерлі ісік қалай емделеді? Қатерлі дертке шалдықпас үшін не істеген абзал? Технология дамыған жаңа ғасырда онкологиядан адам құлан-таза айығуға мүмкіндік бар? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін онколог дәрігер, Семей ядролық медицина және онкология орталығы директорының емдеу-диагностикалық жұмыстары жөніндегі орынбасары, MD, PhD Қуантқан Жабағинмен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Қуантқан Талғатұлы, қатерлі дертті емдеп, адам жанының арашашысы болып жүрсіз. Неліктен онкология саласын таңдадыңыз? Онкология сізді несімен қызықтырды?
– Медицина саласын таңдауда аяқ астынан келе салатын ой болмайды. Өйткені медицинаға жай қызығушылықпен немесе ерігіп ешкім келмейді. Келсе де, бірінші курсты бастамай жатып-ақ оқуды тастап кетеді. Өйткені, медицина университетінің бірінші күнінен бастап-ақ оқудың өте ауыр және жауапты екенін бірден түсінесің. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде мен гуманитарлық пәндерді көбірек ұнатып оқитынмын. Журналистика мамандығы мен парсы тілдерін оқу қызықтыратын, медицинаға келу туралы ой келгенде, мен ойланбастан түсуге өз келісімімді бердім. Себебі мен іштей дайын болдым. Мен бұрынғы Семей облысы, Абыралы өңірі, Қайнар ауылының Сапарғали Бегалин атындағы орта мектебін тәмәмдағанмын. Мектебімнің ұстаздарының мықтылығы деп білемін, кез келген пән бойынша дайындығымыз мықты болатын. Онкологияға қызығушылық студенттік кезеңнің 5-курсынан басталды. Алғаш рет онкология орталығына сабаққа келгенде, студенттік ғылыми үйірмелерге қатысып, үнемі кафедрадағы профессорлардың тәлімін алдық. 5-курстан бастап мен өзіме онколог дәрігері боламын деген мақсат қойдым. Университет бітіргеннен соң тереңдетілген клиникалық тәжірибе алуға 2 жылдық резидентураға түсіп, тәжірибемді шынықтырдым. Онкологияда әлі ашылмаған жайттардың көптігі мені ғылымға алып келді. Резидентурадан кейін, ғылыми онкологиямен айналысу үшін докторантураға түсіп, ғылыми жұмысымды сәтті қорғап шығып, PhD докторы атағын алып шықтым. Қазіргі кезде, жұмысымды, клиникалық тәжірибемен, ғылыммен және оқытушылықпен айналысудамын. Медицина университетіндегі онкология кафедрасында оқып жатқан онколог-резидент дәрігерлердің тәлімгері ретінде оқытушылық қызмет жасап жатқан да жайым бар.
- Жалпы елімізде қатерлі ісікке шалдығатындар көп пе? Көбінесе қай ағзалардың онкологияға шалдығуы байқалады?
- Қазақстанда жыл сайын 36 000-ға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады, жылына 14 000-нан астам адам көз жұмады. Қазіргі уақытта 190 000-нан астам қатерлі ісікпен тіркеуде тұр, әйел адамдар саны басым (57%). 60%-ға жуық науқастар еңбекке қабілетті адамдар қатарына жатады. Ауруға шалдыққан адамдардың орташа жасы 55-74 жас аралығына келеді. Қазақстан бойынша ең көп кездесетін қатерлі ісіктерге: 1) әйел адамдардағы сүт безі қатерлі ісігі, 2) өкпе қатерлі ісігі, 3) асқазан қатерлі ісігі, 4) жатыр мойыны қатерлі ісігі, 5) тоқ және тік ішек қатерлі ісігін жатқызуға болады.
- Коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттерде онкология пайда болады делініп жүр. Вирус шынымен қатерлі ісікті қоздыра ма?
- Бүкіл әлемде коронавирустан болған пандемияның жалғасып жатқанына 1,5 жылдан асты. Вирустың онкологиялық ауруларды қоздырады деп айта алмаймын, тек онкологиялық аурулар ешқандай клиникалық белгілерінсіз басталуы мүмкін, адам оны байқамауы мүмкін. Ал коронавирусқа шалдығып, ауруханаға түскен кезде жүргізілген тексерулер барысында аяқ астынан анықталып жатады. Оны біздің орталықтың компьютерлік томография аппараты былтырғы пандемия кезінде коронавирусқа шалдыққан адамдарға қолданылған кезде біраз адамның өкпесінен, мойын аймағынан, өңештен және басқа да кеуде қуысындағы мүшелерден ісіктерді анықтаған кездеріміз болды.
- Коронавирусқа қарсы вакцина уақыт өте келе қатерлі дертке алып келеді деген қауесет те бар. Бұған не дейсіз? Вакцинаның онкологияны қоздыруы қаншалықты ықтимал?
- Коронавирусқа қарсы салынатын екпелердің ешқайсысы да онкологиялық ауруға шалдықтырмайтынына сенімдімін, өйткені вакцинаның әсер ету механизмі өте бөлек, ол ешқандай жасушаның ДНҚ-бөліктерінің мутациясына алып келмейді. Керісінше, онкологиялық диагнозы бар науқастар қауіп тобына жатады. Қан көрсеткіштері қалыпты науқастардың барлығына біздің орталықтағы дәрігерлер вакцина алуға үндейміз. Оған себеп – химиятерапия немесе сәулелі ем кезінде, немесе отадан кейінгі уақытта коронавирусқа шалдығу вирусты пневмонияның ауыр өтуіне және емнің тоқтауына себепкер болады, ал онкологиялық науқастарға ем арнайы белгіленген уақытта және схема бойынша жасалынуы керек, ал емнің арасында болған үзілістер емнің күшін азайтады. Вакцина алған науқастарымыздың емді еш қорқынышсыз алып жатқанын көріп жүрміз. Вакцинадан кейін де коронавирусқа шалдыққанның өзінде жылдам сауығып, еш асқынусыз емге қайта оралып жатқан науқастарымыз өте көп.
- Қатерлі дерттен құлан-таза айығып шығуға бола ма? Қандай жағдайда үміт көбірек?
- Халық арасында тамаша сөз бар: «Ауруын жасырған өледі» деген. Біздің адамдарда әлі де дәрігерге көрінуді қорқыныш санайтын адамдар көп. Өз денсаулығына мән беретін, үнемі тексерулерден өтіп жүретін адамдар санының артқаны да қуантады. Аурудың кеш сатысын емдеу әрқашанда қиын, ұзақ, әрі қымбат тұрады. Ал, ауру қаншалықты ерте анықталса, жылдам әрі жеңіл емделеді. Ол өз кезегінде құлан таза жазылып кетуге мол мүмкіндік тудырады. Біздің орталықта 11 000-нан астам адам қатерлі ісік диагнозымен тіркеуде тұрады. Олардың 55%-ға жуығы 5 жылдан астам өмір сүруде. Ол – диагностикалау мен емдеу стандарттарының сапасының артқанының арқасы. Онкологиялық қызметті ұйымдастырудың үкіметтік кешенді бағдарламасы жасалып, диагностикалау, емдеу кезіндегі көптеген оң өзгерістер пайда болды. Қазіргі таңда медициналық сақтандырылған әр азамат онкологиялық ауруға күдік туған кезде өткізілетін барлық тексерулер тегін: ол компьютерлік томография, магниттік-резонансты томография, позитронды-эмиссионды томография, және қосымша диагностикалық тексерулердің барлығы тегін. Ауру анықталған кезден бастап барлық емдеу түрі тегін. Соңғы кезде емдеуге арналған дәрілер арсеналының артып келе жатқаны да қуантады. Биылғы жылы біздің Семей ядролық медицина және онкология орталығында – радионуклидті диагностика бөлімі (ОФЭК-КТ, ПЭТ КТ, сцинтиграфия) және радионуклидті терапия бөлімі (қалқанша безінің дифференцирленбеген қатерлі ісігі, тиреотоксикозды радиойодтерапиямен емдеу) ашылды. Елімізде әзірге ашылған ең алғашқы және әзірге жалғыз орталық болып отыр.
- Онкология жасарып келеді деген сөзді жиі естіп жүрміз. Жастар арасында дерттің өршуіне қандай жағдайлар әсер етіп жатыр?
- Онкологиялық аурулармен аурушаңдылық көне ғасырлардан бері бар. Ол жастар арасында да, қарт адамдар арасында да болған. Қатерлі ісікпен көбінесе 50-ден асқан адамдар ауырады. Алдында айтып өткендей, 55-74 жас аралығындағы адамдар жиі ауырады. Балаларда жиі кездесетін ақ қан, ретинобластома, нефробластома, саркома сынды аурулар болады. Балалар мен жастар арасындағы профилактикалық қараулардың нашарлап кетуі, балалар мен жастар арасындағы ауруларды көбейтіп, әрі ушықтырып жатады. Ол тек жастар арасында ғана емес, орта жастан асқан адамдар арасында да кездеседі. Сондықтан дер кезінде скринингтік бағдарламаға шақырған уақытта барып қаралу керек. Елімізде әйел адамдар арасында сүт безінің және жатыр мойнының қатерлі ісігіне, ерлер мен әйел адамдарға арналған колоректалді ракқа арналған скринингті үш бағдарламасы бар. Еліміздің әр азаматы жасы келгенде скринингтік бағдарламаларға қатысып отыруы ауруды алдын ала анықтауға үлкен септігін тигізеді. Экологияның нашарлауы, түрлі стрестер, дұрыс тамақтанбау, аз қимылдау және тағы басқа да себептер түрлі ауруларға алып келеді. Сондықтан баланы жастайынан дұрыс тамақтануға, дене шынықтырумен айналысуға үйрету маңызды.
- Онкология тұқым қуалай ма?
- Барлық түрлері болмаса да, тұқым қуалауы мүмкін. Сүт безімен, аналық безінің қатерлі ісігі бар аналарда қыздары, немерелері ауыруы мүмкін. Асқазан, ішек жолдарының қатерлі ісігі бар әкесінің балаларында түрлі онкологиялық аурулар шығып жатады. Сондықтан ата-анасы немесе ата-әжесі қатерлі ісікпен ауырып, содан қайтыс болса, балалары жылына бір рет болса да медициналық тексерулерден өтіп тұруы артық етпейді. Қазіргі уақытта түрлі чек-ап бағдарламалар кез келген онкологиялық орталықта бар. Ал, егер бір ауру белгілері болса, уақыт кешіктірмей дәрігерге көрінуі керек.
- Онкологиямен ауыратындар үшін коронавирус қаншалықты қауіпті?
- Көбінесе бұл науқастарда коронавирус ауыр түрімен өтеді. Емделіп жатқан науқастарымыздың ем схемасын бұзып, ұзақ үзіліс жасауы мүмкін. Онкологиялық ауруды емдеу барысында үзілістің болмағаны абзал. Егер болса оның тиімділігі төмендейді. Біздің науқастарымызға вакцина алудың маңыздылығы зор. Ол тек коронавирустың алдын алады және онкологиялық ауруды емдеу барысы тоқтап, ауруы одан сайын асқынып кетуін болдырмайды. Уақытымен емін жалғастыруына септігін тигізеді.
- Қатерлі ісікті біреуге деген өкпе-реніш, стресс қоздырады деп жатады. Жалпы дертке алып келетін қандай жайттар?
- Онкологиялық ауру тек бір экологияның нашарлауынан, немесе тек стресстен туындайды деу қиын. Қатерлі ісіктің адам ағзасында дамуы үшін көптеген зиянды факторлар ұзақ уақыт әсер етуі керек. Адам ағзасында күнделікті мыңдаған қатерлі ісік жасушалары пайда болады, оны біздің иммунды жүйеміз күнделікті жойып отырады. Ал, стресс иммунды жүйемізді әлсірететіні баршамызға белгілі, ол өз кезегінде тек онкологиялық ауруларға ғана емес, түрлі ауруларға шалдықтырады. Беталды стресске беріле бермейтін адамдардың аз ауыратындығы да сол.
- Онкологияның алдын алу үшін халыққа қандай кеңес бересіз?
- Салауатты өмір салтын ұстану. Осы сөзді барлығымыз естісек те, ол қағидаларды ұстанып жатқанымыз өте аз. Дұрыс әрі уақытымен тамақтану, дене шынықтырумен айналысу, көп қимылдау, көп жүру, таза су ішіп жүру, көкөніс пен жемістерді мол пайдалану, ет тағамдарын мөлшерінен тыс пайдаланбау керек. Сау адамдарға жылына бір рет дәрігерге көрініп, түрлі тексерулер мен қараулардан өтіп отыру маңызды. Әйел адам болсын, ер адам болсын профилактикалық тексерулерден өту, анықталған ауруларды уақытында емдету – денсаулықтың үнемі мықты болып жүруіне септігін тигізеді. Ауырып ем іздемей, ауырмайтын жол ізде.
- Әңгімеңізге рахмет!