Онкогинеколог: Жатырдың қатерлі ісігі – алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық ауру

Соңғы жылдары әйелдер арасында қатерлі ісік дерті әлемде кең таралуда. Соның ішінде елімізде онкопатологияда жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейінгі екінші орында тұр. Жыл сайын 600-ден астам қазақстандық әйел бұл кеселден көз жұмады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігі дерттің алдын алу үшін жатыр мойны обырын тудыратын вирус – адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау жүргізу туралы шешім қабылдады.

Жатыр мойны обыры не себепті пайда болады? Вакцина не үшін салынады? Аурудың алдын алуға оның қауқары жете ме? Осы және өзге де сұрақтарға Ұлттық ғылыми онкология орталығының аға ординаторы, медицина ғылымдарының кандидаты, онкогинеколог-дәрігер Аида Шакирова жауап берді.

- Елімізде соңғы жылдары жатырдың қатерлі ісігі дертіне шалдыққандар саны күрт артыпты...

- Денсаулық сақтау ведомствосының деректеріне сәйкес, жыл сайын 1800-дей қазақстандық әйел жатыр мойны обырына шалдығып, 600-і қатерлі дерттен көз жұмады. Жыл өткен сайын ауру жасарып келеді. Әсіресе 20 жас пен 45 жас аралығындағы әйелдер көп шалдығады. Бұл деген сұмдық статистика емес пе?! Әлемде де жатыр мойны обыры өршіп тұр. Жыл сайын 600 мыңнан астам жаңа жағдай тіркеліп, 340 мың өлімге себеп болып отыр. Демек әлемде әр екі минут сайын бір әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады деген сөз.

- Жатыр мойны обырының негізгі себебі не?

- Жатыр мойны обырына негізгі себеп – адам папилломасы вирусын жұқтыру. Иә, көбіміз оған мән бермейміз. Адам папилломасы вирусы шын мәнінде 200-ден астам түрді қамтитын вирустар тобынан тұрады. Олардың ішінде жоғары онкогенді қатердегі вирус жатыр мойны обыралды күйі мен обырға алып келеді.

95% жағдайда жатыр мойны обырын АПВ жұқтыру тудырады.

- АПВ жұғу жолдары қандай?

- Адам папилломасы вирусының жоғары онкогенді қатері жыныстық жолмен жұғады. Яғни жыныстық өмір сүретін әйелдердің барлығы тәуекел тобына жатқызылады. Осы орайда айта кетерлігі, обыр жыл өткен сайын жасарып келеді. Егер бұрын жатыр мойны обырымен ауырудың шарықтың шегі 50-60 жасқа тиесілі болса, қазір жағдай мүлдем басқаша. Жатыр мойны обырымен ауыратын пациенттердің орташа жасы – 40-45 жас. Еңбекке қабілетті жас әйелдер ауырып жатыр.

- Статистикада жақсы жағына қарай өзгеріс жоқ па?

- Өкінішке қарай, әйелдердің жатыр мойны обыры ауруының динамикасы бірнеше жылдан бері бір деңгейде, еш өзгеріссіз қалып отыр. Қазақ онкология және радиология институтының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2021 жылдың қорытындысы бойынша жатыр мойны обырымен ауыру 100 мың тұрғынға шаққанда 9,4 жағдайды, былайша айтқанда, 1802 жағдайды құраған. Ал 2022 жылы – 1934 жағдайды көрсетті. 2021 жылы бұл дерттен орын алған өлім-жітім – 590 жағдайды, 2022 жылы – 602 жағдайды құрады.

- Жатыр мойны обырының белгілері қандай?

- Бұл дерттің қауіптілігі сол – алғашқы кезде оның ешқандай белгілері жоқ, симптомсыз басталады.

Аурудың бастапқы сатыларында онкопроцесті анықтау тек кеңейтілген гинекологиялық тексеріс кезінде, яғни онкоцитологияға жұғынды алып тексеру мен жатырды микроскоппен қарау – кеңейтілген кольпоскопия кезінде ғана мүмкін болады. Ісік шырышты жоғарғы қабық арқылы өскен кезде әйел қанды бөліністерді, етеккірдің ұзақ және көп келуін, жыныстық қатынастан кейін қанды бөліністерді байқауы мүмкін. Ісік процесінің таралуына қарай салмақ жоғалту, жылдам шаршап қалу, кіші дәретке жиі бару, дене температурасының37-37,5 С-ты құрауы, аяқтың ісінуі, іштің төменгі жағының ауырсынуы сынды белгілер кездеседі.

Ауруды көп жағдайда скрининг барысында анықтап жатамыз. Елімізде жатыр мойны обырын анықтауға скрининг 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйел адамдар арасында әр төрт жыл сайын жүргізіледі.

- Өзіңіз айтып отырған қауіпті адам папилломасы вирусына қарсы вакцина салу туралы айтылуда. Жалпы, вакцина туралы не белгілі?

- Елімізде 11 жастан бастап қыз балаларды 2024 жылдың үшінші тоқсанынан вакцинациялау басталады. Айта кетерлігі, 10 жыл бұрын пилоттық жоба аясында мектеп оқушыларын АПВ-на қарсы еккен болатын. Алайда екі оқушы қыз талып қалып, екпеге қарсы наразылық басталған соң иммундауды тоқтатуға тура келген. Биыл да вакцинация жүргізу ерікті болып қалады және тек қыз балалардың ата-анасының келісімімен ғана салынады.

Дәрігер ретінде қайталап айтудан жалықпаймын. Обыр ауруларының ішінде жатыр мойны обыры – алдын алуға болатын бірден-бір ауру. Мысалы, Австралия 15 жыл бойы қыз балаларға АПВ-ға қарсы вакцина салып келеді.

АПВ-ға қарсы вакцинациялаудың тиімділігін көрсететін ғылыми жұмыстар да көп. Жаңа айтып өткен Австралияда жатыр мойны обырына қарсы жаппай иммундаудың жемісін жеп отыр. Олар 15 жылдан бері егу науқанын жүргізіп келеді, нәтижелері өте жақсы. Қазір әлемде 170 мемлекет балаларды ұлттық егу күнтізбесіне АПВ-ға қарсы вакцинацияны да енгізді. Бұл оның тиімді екендігін білдіреді.

- Қыз балаға 11 жастан бастап аталған екпені салуға ерте емес пе?

- Бұл жерде мынаны ескерген жөн. Вакцинациялау жоғары тиімділікті екпені жыныстық өмір басталғанға дейін жүргізген кезде көрсетеді.

Қазір деректерге сәйкес, өкінішке қарай, қыз балаларымыз жыныстық өмірді өте ерте бастайды. 11 жастан бастап оларға вакцина салынса, ересек өмір басталған сәтте олардың организмі адам папилломасы вирусына төтеп бере алады. Яғни қыз бала қорғалады.

- Қаншалықты қорғалады?

- АПВ-ға қарсы вакцина қайғылы жағдайға әкелетін қауіпті патологиядан 95% қорғайды деп айтуға негіз бар.

- Вакцинациялауға дайындық керек пе?

- Ерекше дайындық керек жоқ. Жіті қабыну процестері мен ішкі ағзалардың өзге де ауыр аурулары кезінде АПВ-ға қарсы иммундауды жүргізуге тыйым салынады.

- Екпенің қандай да бір жанама әсері бар ма?

- Вакцинациядан соң субфебрилді температура, әлсіреу болуы мүмкін. Бірақ ол өткінші. Біз бәрін әбден зерттей келе, вакцинаның күрделі жанама әсерлерін байқамадық. Ал 2013 жылы біздің қыздарымызда болған жағдай вакцинаның жанама әсерлеріне жатпайды. Біреуі ол кезде қатты қорыққан, ал екіншісінің қосалқы аурулары болған.

- Екпе салуды енгізген соң қандай нәтиже күтесіз?

- Вакцинацияны енгізе отырып, жер бетінен жатыр мойны обырын түбірімен жоямыз деген сенімдемін.

Біздің елімізде бұл патологиямен ауыру көрсеткіші өте жоғары. Сондықтан вакцинация салу маңызды. 25-30 жыл бойы иммундауды жүргізсек, адам папилломасы вирусы мен жатыр мойны обырын жоюға болады.

Жалпы, адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация қайғылы жағдайға әкелетін жатыр мойны обырын тудыруының алдын ала аламыз. Мұны әлемдік тәжірибе де көрсетті. Себебі әлем болып шешек пен коронавирусты да жеңе алдық.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ -архив
Өзгелердің жаңалығы