Өңірлік кадрлық резервке қанша адам іріктелді

Павлодар облысында кадрлық резервке өтуге 230 үміткер тіркеліп, іріктеуге 151 азамат жіберілді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыстағы мемлекеттік қызмет істері Агенттігі департаментінің басшысы Асхат Ескендіровтің мәліметінше, өңір бойынша заңнаманы білу тестілеуінен 135 мемлекеттік қызметші сүрінбей өтсе, жеке қасиеттерді бағалауға арналған сынаққа 71 кандидат жіберілді.

Келесі кезең – құзыреттілікті бағалауға 40 адам жіберілді. Ал құрылымдық сұхбат кезеңіне 31 павлодарлық жіберілді. Өңірлік кадрлық резевтерге үміткерлерді іріктеу барысында әр аймақтың ерекшеліктері жеті бағыт бойынша ескерілді. Мәселен, әлеуметтік, экономика, АӨК, жер қатынастары салалары бойынша төрт кандидаттан өтті. Барлығы 20 «резервші» бар, - дейді Асхат Ескендіров.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраевтың айтуынша, өңірлік комиссиясы кандидаттарды іріктеу үшін индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, АӨК және жер қатынастары, цифрландыру және экология, сонымен қатар, әлеуметтік сала анықталды.

Барлығы 20 квота белгіленді. Құрылымдық сұхбат қорытындысы бойынша өңірлік кадрлық комиссиясының тізіміне енгізілген үміткерлер белгілі болды. Жеке құзыреттілік, тәжірибе мен білімге баса назар аударылды. Кезеңде кандидаттардың кей жобаларды іске асыру мүмкіндігі бары анықталды. Мәселен, кандидаттардың бірі мемлекеттік бюджетті игеруді орындауға мониторинг жүргізу мақсатында бірыңғай бағдарлама жасауды ұсынды, - дейді Дидар Ибраев.

Айта кетейік, бүгінде жергілікті атқарушы органдарда 232 бос жұмыс орны бар. Олардың ішіндегі 59-ы – басшылық лауазым.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы