Өңірлік БАҚ қызметкерлері елдегі іргелі басылымдарда тәжірибеден өтеді

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өңірлік БАҚ форумында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Қазақстандық қоғамдық даму институты базасында журналистердің біліктілігін арттыру және салалық журналистиканы дамыту мақсатында шеберлік сыныптары өткізіледі. Басылымдардың келбетін қалыптастыруда сапалы дизайн мен фотоның орны ерекше. Осы ретте газет дизайнын, макетін жетілдіру бағытында халықаралық тәжірибелерге негізделген арнайы дәрістер ұйымдастыру жоспарда бар. Сонымен қатар фотожурналистиканың дамуына ықпал ететін іс-шаралар ретін бастап та кеттік. Мәселен, Орталық Азия медиа форумына келген Пулитцер сыйлығының иегері, фотожурналист Лиу Шин журналистерге шеберлік сағатын өткізді. Әйгілі фотографпен бірлескен жоба талқылануда, - деді министр. 

Ведомство басшысының айтуынша, өңірдегі басылым қызметкерлерінің біліктілігін шыңдауға да көңіл бөлінеді. 

Өңірлік газеттер-журнал қызметкерлерінің біліктілігін шыңдау мақсатында жақында ғана қайта құрылған «Қазақ газеттерінде» және «Қазконтентте» тәжірибе алмасу жобасы іске қосылады. Жыл бойы өңірлік баспа басылымдарының өкілдері «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» сияқты іргелі басылымдарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ өңірлерге сапарлар және осы форумға дайындық кезінде аймақтардағы кейбір басылымдардың тіпті сайты да жоқ екенін анықтадық. Ал кейбір өңірлік басылымдар республикалық деңгейде тарап отырғанын, сайттарының да жақсы жұмыс істейтінін көрдік, - деді Дархан Қыдырәлі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы