Өңірлік Азаматтық форумдар өз жұмысын бастады

Азаматтық қоғам мен мемлекет диалогын дамытудың негізгі алаңдарының бірі болып табылатын Қазақстанның кезекті ХІ Азаматтық форумы аясында, Талдықорған қаласында Жетісу облысының «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері мен перспективалары» тақырыбында өңірлік Азаматтық форумы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

АҚДМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше,  өңірлік форум жұмысына еліміздің барлық 17 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, республикалық, облыстық ҮЕҰ-дан, саяси партиялардан, діни бірлестіктер мен бизнес өкілдері, әр түрлі деңгейдегі депутаттар, жалпы 200-ге жуық адам қатысты.

Форумның бірінші күні секциялық отырыстар, семинарлар, Жетісу облысының ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі Кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізілді.

Сонымен қатар, Форумға қатысушылар «OCHAQ тұрақты даму орталығы» ҚБ жұмысымен танысты. Бұл үкіметтік емес ұйым. Оның қызметі Көксу ауданы Жарлыөзек ауылының экологиялық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуге, ауыл тұрғындарының азаматтық бастамаларын қолдауға бағытталған.

Форумның екінші күнінде Пленарлық отырыс өткізілді. Секциялық алаңдарды өткізуден бөлек, түрлі пікірталас алаңдары, үздік әлеуметтік жобалар көрмесі мен серіктестік келісімдер ұйымдастырылды.

Жетісу облысында бастау алған Өңірлік азаматтық форум жұмысы әрі қарай еліміздің басқа да өңірлерінде өз жалғасын табады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: АҚДМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы