29 Қазан 2026, 12:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Өңірлерде Ұлттық балаларды оңалту орталығының филиалдары ашылады

Балаларға арналған оңалту көмегін өңірлерде қолжетімді ету көзделіп отыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында 70 денсаулық сақтау нысанының құрылысын уақытылы аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Олардың қатарында 8 перинаталдық орталық пен 9 көпбейінді балалар ауруханасы бар.

Балаларға кешенді медициналық-оңалту көмегін көрсету үшін Ұлттық балаларды оңалту орталығының жаңа үлгідегі өңіраралық филиалдарын салу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл ретте инфрақұрылымды дамыту медициналық көмек көрсету жүйесінің, ең алдымен, алғашқы медициналық көмектің тиімділігін арттырумен қатар жүруі керек, – деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Премьер-министр алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесін аурулардың алдын алу мен оларды ерте анықтауға басымдық бере отырып жаңғыртуды тапсырды.

Жалпы практика дәрігерлерінің клиникалық шешім қабылдау және диагностикалық зерттеулерді өз бетінше тағайындау жөніндегі өкілеттіктерін кеңейту қажет. Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктері келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысын 40%-ға дейін көтеруге арналған шығындарды үш жылдық бюджет жобасында қарастырсын, – деп толықтырды Олжас Бектенов.