Өңірлерде мұз жару жұмыстары жүргізілді
Өткен тәуліктегі су тасқыны жағдайы туралы ақпаратты ТЖМ сайты жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аэровизуалды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына мониторинг, сондай-ақ кейбір өңірлерде өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілуде.
Мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында Ақмола облысының Целиноград ауданында Преображенка ауылының маңындағы Нұра өзенінде, Шортанды ауданында Колутон өзенінде, Абай облысы Бородулиха ауданы Красный Яр ауылының маңындағы Уба өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ Қарағанды облысының Осакаров ауданында Николаевка ауылының маңындағы Сабырқожа өзенінде мұзды ұсақтау жұмыстары жүргізілді.
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында Малеевск ауылының маңында ТЖМ 68303 әскери бөлімінің күшімен су өткізу құрылыстарын тазарту жұмыстары жүргізілді, 550 қап инертті материал дайындалды.
Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау облыстарының елді мекендерінде су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстары, еріген қар суын бұру, инертті материалдар салынған қаптар төсеу, каналдарды, арық жүйелерін жағаларын нығайту жұмыстары, құлақтандыру және адамдарды қауіпсіз жерлерге эвакуациялау жұмыстары жалғасуда.
Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Ақмола, Қарағанды облыстарында 55 жеке тұрғын үй және 8 аула аумағы су астында қалуда (су тасқыны басталғаннан бері 1376 үй және 1319 аула аумағы). 28 үй мен 39 аула аумағынан еріген қар суы сорылды (су тасқыны басталғаннан бері 358 үй мен 988 аула аумағынан су сорылды). 1 345 адам, оның ішінде 496 бала құтқарылды және эвакуацияланды (су тасқыны басталғаннан бері 17 131 адам, оның ішінде 6 683 бала). 748 мың м3 еріген қар суы сорылды, 106 мыңнан астам қап және 156 мың тонна инертті материал төселді (су тасқыны басталғаннан бері 5,7 млн. м3 астам еріген қар суы сорылды. 638 мыңнан астам қап және 912 мың тонна инертті материал төселді).
Республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар 9 автожол арқылы су жүрді, 18 автожолды су шайды. Су шайған 77 автожол, оның ішінде 4 көпір және 73 жол төсемі, су жүрген 93 автожол бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын құрған 67 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды.
Қардың тез еруіне байланысты Ақмола облысы Жарқайың ауданының Пригородное ауылындағы 8 жеке тұрғын үйді су басты. 19 адам, оның ішінде 2 бала және 1 жүкті әйел эвакуацияланды, бұл ретте барлық эвакуацияланғандар туыстарының үйлеріне барды, сондай-ақ 34 бас мал қауіпсіз жерлерге айдалды.
Қардың тез еруіне байланысты Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Қарасай ауылында 1 жеке тұрғын үй мен 2 аула аумағын су басты, бұл ретте үй тұрғындары алдын ала эвакуацияланды. Қардың еруі мен «Тереңсай» бөгетінің суға толуы салдарынан Әйтеке би ауданының Айке ауылындағы 2 жеке тұрғын үйді су басты, ауылдан Жүргенев ауылына алдын ала 297 адам, оның ішінде 79 бала эвакуацияланды. Ойыл ауданының 5 елді мекеніндегі жеке үйлерді су басуына байланысты ҚР ҚМ әуе кемелерінде Ойыл ауылы мен Ақтөбе қаласына қосымша 85 адам, оның ішінде 27 бала эвакуацияланды, 6,2 тонна гуманитарлық жүк жеткізілді, сондай-ақ 2 тонна гуманитарлық жүк жерүсті жолымен тасымалданды. Бұл аудандарда еріген қар суын бұру және сору, халыққа көмек көрсету, сондай-ақ жағалауды инертті материалдармен және қаптармен нығайту жұмыстары жалғасуда. Еріген қар суын сору және бұру және халыққа көмек көрсету жұмыстары жалғасуда.
Егістіктерден көп мөлшерде еріген қар суы келуіне байланысты Ұзынкөл су қоймасының толуы қаупі туындап, Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Ұзынкөл кентін су басу қаупі төнді. Осыған байланысты Теректі ауданы Подстепное ауылы мен Орал қаласындағы халық алдын ала эвакуацияланды, 705 адам, оның ішінде 230 бала. Су қоймасы бөгетінің денесін нығайту бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ, Орал қаласында су деңгейінің сыни деңгейден жоғары көтерілуіне байланысты Деркөл және Шаған өзендерінде Деркөл кентінің саяжай қоғамдарынан және Самал ауданындағы тұрғын үйлер мен саяжай қоғамдарынан эвакуация жүргізілуде.
Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ҚМ, ІІМ, ҰҚК, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың 12 мыңнан астам адам, 2,5 мың техника, 801 су айдау құралы және 105 жүзу құралы, 9 әуе кемесі жұмылдырылды.