Өңірлерде әскери борышын өтеген жастарды құрметпен қарсы алды

Жергілікті әскери басқару органдары мерзімді әскери қызмет өткеріп, запасқа шығарылған жауынгерлерді салтанатты жағдайда қарсы алуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Атыраулықтар Ақтау гарнизонындағы теңіз жаяу әскерлері құрамасында қызмет еткен әскери қызметшілерді қарсы алды.

Жерлестерімізді салтанатты жағдайда әскерге шығарып салып, құрметпен қарсы алу дәстүрге айналды. Бүгін азаматтық борышын өтеген 20-дан астам әскери қызметші үйлеріне аман-есен оралды, – деді Атырау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары полковник Қуандық Бердіғалиев.

Өмір мектебінен өткен жауынгерлер әскердегі оқу-жаттығуларды, марштар мен дабыл арқылы көтерілген күндерін ешқашан ұмытпақ емес.

Армияда кез келген қиын жағдайда иық тірестіре жүріп, нағыз достықтың қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Өзім теңіз жаяу әскерінде қызмет еткенімді мақтан етемін, – деді запастағы кіші сержант Әли Амангелді.

Семейліктер де Маңғыстау пойызын салтанатты жағдайда қарсы алды. Іс-шараға Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, сарбаздардың ата-аналары мен достары қатысты.

Осыдан тура бір жыл бұрын бұл жігіттерді әскерге шығарып салған едік. Олар нағыз ер жігіттей шыңдалып ортамызға қайта оралып отыр. Әскерден алған тәжірибесі мен білімдері алдағы өмірлеріне негіз болатынына сенімдімін, – деп атап өтті Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Қанат Шәріпханов.

Әскерде қызмет еткен жастарға ҰБТ тапсырмай-ақ елдің жоғары оқу орнына түсу құқығы берілгенін атап өткен жөн. Ал жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта үздік нәтиже көрсеткендер тегін негізде жоғары білім ала алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігі
Өзгелердің жаңалығы