"Өңір" депутаттық тобының мүшелері азық-түлік қауіпсіздігін талқылады

Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі, сондықтан бұл мәселеге басымдық беріліп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатта өткен «Өңір» депутаттық тобының отырысында азық-түлік қауіпсіздігін қолдаудың өзекті мәселелері талқыланды.

Топ төрағасы Серік Шайдаров өз сөзінде Мемлекет басшысы Үкіметтің жақында өткен кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығын атап өтіп, назар аударылуға тиіс бірқатар проблемаларға тоқталғанын жеткізді.

Еліміз Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру, отандық тауар өндірушіні қорғау, оның ішінде экспорт пен импортты реттеу, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және т.б. мәселелерді шешу міндетін алға қойған болатын. Осы проблемаларды шешу ішкі нарықты азық-түлікпен қанықтыру есебінен экспорттық әлеуетті арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді сенатор.

Депутат Ернұр Әйткенов өз кезегінде халықаралық аренадағы тұрақсыз жағдай, азық-түлік тапшылығы проблемалары экономиканың даму қарқынына және халықтың әл-ауқатына кері әсерін тигізетінін атап өтті.

Еліміз импорт өнімге тәуелді болып отыр, бұл азық-түлік қауіпсіздігіне ғана емес, экономикалық қауіпсіздікке де нақты қауіп төндіреді. Тиімді азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі шарты ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылатыны белгілі. Осы факторлардың барлығы агроөнеркәсіп кешенін реформалауды және азық-түлікпен қамтамасыз етудің ұлттық деңгейдегі жаңа тетіктерін әзірлеуді талап етеді, - деді депутат.

Депутаттар отырыс барысында сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика министрліктері, облыс әкімдігі өкілдерінің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен шаруа қожалықтары өкілдерінің баяндамаларын тыңдады.

Сенатор Серік Шайдаров кездесуді қорытындылай келіп, отырыс барысында айтылған ұсыныстар зерделенетінін және сенаторлардың заң шығару қызметі барысында пайдаланылатынын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы