Өңір әкімдіктеріне 25 қосымша өкілеттік беріледі
Сенаттың жалпы отырысында «Агломерацияларды дамыту туралы» заңы мен ілеспе құжат қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Агломерацияларды дамыту туралы» заңды әзірлеуді тапсырған болатын.
Министрдің сөзінше, негізгі заң жобасында «агломерация» терминінің анықтамасы және агломерацияларды анықтайтын тиісті критерийлер енгізіледі.
Агломерация құрамын уәкілетті орган – яғни Ұлттық экономика министрлігі қалыптастырады. Ол ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі. Сонымен бірге, елді мекендерді агломерациялардың құрамына енгізу және олардың тізбесін жүргізу қағидалары Министрліктің бұйрығымен бекітіледі, - деп атап өтті Ұлттық экономика министрі.
Агломерацияларды айқындаудың негізгі критерийлері:
– орталық қаланың әкімшілік мәртебесі;
– демографиялық сыйымдылық;
– логистикалық әлеует;
– экономикалық әлеует.
Заң жобасы қабылданғаннан кейін осы өлшемшарттарға сәйкес «агломерациялар» ретінде Алматы, Астана, Шымкент және, мүмкін, тағы басқа облыс орталықтары да айқындалады.
Мұнымен қоса ол заң жобасы аясында агломерацияларды басқарудың жаңа үлгісі енгізіліп жатқанын айтты. Аймақтық деңгейде Жергілікті агломерация кеңестері құрылады. Олар агломерация аумағын үйлестірілген түрде дамыту үшін нақты мәселелерді шешу бойынша қала мен іргелес облыстың жергілікті атқарушы органдарының өзара іс-қимыл алаңы ретінде жұмыс істейтін болады. Жергілікті кеңестің құрамына екі әкімдіктің және мәслихаттардың өкілдері, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Жергілікті кеңес агломерацияны дамытуды қолдауға бағытталған міндеттер мен шаралар бойынша ұсыныстар әзірлейді. Осы орайда, орнықты әлеуметтік-экономикалық әрі үйлестірілген дамуды қамтамасыз ету мақсатында Жергілікті кеңес агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын дайындайды. Кешенді жоспар қаржыландыру көлемі мен көздерін, іске асыру мерзімдерін, жауапты орындаушыларды, іске асырылатын нәтижелерді қамтитын болады, - деді Әлібек Қуантыров.
Агломерацияларды дамыту жөніндегі өңірлер деңгейінде шешімін таппаған мәселелер республикалық деңгейде Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналатын Агломерациялар жөніндегі кеңестің қарауына шығарылады.
Негізгі және ілеспе заң жобалары аясында өңірлердің әкімдіктеріне 25 қосымша өкілеттік беріледі. Негізгі заң жобасы бойынша 11 өкілеттік, ал ілеспе заң жобасы тұрғысында 14 өкілеттік ескерілген.
Негізгі заң жобасына сәйкес орталық қала мен іргелес облыстардың әкімдіктері агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешуге, тиісті келісімді дайындауға және оған қол қоюға қатысатын болады. Сондай-ақ әкімдіктер Жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне, агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге қатысады. Бұдан басқа, орталық қалалардың жергілікті атқарушы органдары қала маңы аймағын дамытудың Бас жоспарын іске асыру бойынша субъектілердің қызметін үйлестіреді, Бас жоспардың жобасын әзірлеуді ұйымдастырады, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтердің жобаларына келісім береді, - деп айтты министр.