Өнеркәсіп: Жарты жылдағы өндіріс көлемі 28,9 трлн теңгеге жетті
Қазақстанда өнеркәсіпте жарты жыл ішінде өндіріс көлемі 28,9 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Айтуынша өндіріс көлемі жарты жылда 6,5%-ға өскен.
Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 13,7 трлн теңгеге өнім өндірді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 5,5%-ға жоғары. Өңдеуші сектордың елдің жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі – 12,4%. Бұл өсім машина жасау (+11,1%), химия өнеркәсібі (+7%), құрылыс материалдарын өндіру (+8,6%) және азық-түлік өнімдері (+10%) көрсеткіштерінің артуы есебінен қамтамасыз етілді, - деп атап өтті Роман Скляр.
Сонымен қатар биыл 1,5 трлн теңгеге ауқымды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Биыл жалпы құны шамамен 1,5 трлн теңге болатын 190 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның 196 млрд теңге сомасына 47 жоба іске қосылды, 3 мыңнан астам жуық жұмыс орны құрылды, - деді вице-премьер.
Сонымен қоса Үкімет қолға алған маңызды бағыттардың бірі – көлік инфрақұрылымын дамыту.
Бірқатар ірі теміржол жобалары іске асырылуда. "Достық – Мойынты" және "Алматы қаласының айналма жолы" жобалары аяқталу сатысында. Келесі жылы "Мойынты – Қызылжар", "Дарбаза – Мақтаарал" жобалары аяқталады. Ал 2027 жылы – "Бақты – Аягөз" жобасы іске қосылады. Жыл соңына дейін 175 жаңа жолаушылар вагонын сатып алу жоспарлануда. Әуе хабтарын дамыту және әуе жүктерін өңдеу көлемін арттыру мақсатында әуежай инфрақұрылымы жаңғыртылуда, кедендік рәсімдер жеңілдетілуде, цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр, - деп түсіндірді Роман Скляр.
Айта кетерлігі, Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында әуежай құрылысы басталды.
Автокөлік жолдары саласында 12 мың км жол құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылған, оның 7 мың км ағымдағы жылы соңына дейін аяқтау жоспарда бар.
Еске салайық, Үкіметте вице-премьер және салалық министрлік басшыларының қатысуымен Мемлекет басшысының өнеркәсіп, энергетика және көлік салаларындағы тапсырмаларын жүзеге асыру барысы туралы баспасөз мәслихаты өтіп жатыр.
Бұған дейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қызметтен қашан кететінін айтты.