Мамин: Үкімет еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Асқар Мамин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ел экономикасының 10 айдағы қорытындысы туралы есеп берді.
Биыл Үкімет еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етті. 10 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 3,5%-ға дейін жетті. Нақты сектор ұлттық экономиканың негізгі өсу драйвері мен орнықты дамуының факторы болып отыр, - деп айтты Үкімет басшысы.
Оның сөзінше, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,3%-ға өсті, бұл өңделген тауарлар экспортын 25,5%-ға өсіруге мүмкіндік берді.
Құрылыс секторында жоғары өсу қарқыны сақталып отыр. Жыл басынан бері 11,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңіне қарағанда 7,6%-ға жоғары. Қабылданып жатқан жүйелі шаралар кен өндірумен айналыспайтын салалардағы жоғары инвестициялық белсенділікті қамтамасыз етеді, - дейді Мамин.
Сонымен қатар 10 айдың қорытындысы бойынша инвестициялардың өсуі 14%-ды құрады.
Биылдың бірінші жарты жылдығында 11,1 млрд доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды, бұл былтырғы жылдың осындай кезеңіне қарағанда 30,4%-ға жоғары. Халықаралық қаржылық және рейтингтік ұйымдар қазақстандық экономиканы орнықты деп таныды. Биылдың үшінші тоқсанында халықаралық жетекші кредиттік агенттіктер Қазақстанның пандемияға дейінгі рейтингін растады, - деп атап өтті Премьер-министр Асқар Мамин.
Сонымен қатар Үкімет басшысы жаппай вакцинациялаудың арқасында елімізде тұрақты эпидемиологиялық жағдай сақталып отырғанын жеткізді.
Бүгінгі күні бірінші компонентті 8,7 млн адам алды – бұл 18 жастан асқан тұрғындардың 76%-ы, екінші компонентті шамамен 8 млн адам алды – бұл халықтың 70%-ға жуығы. Одан бөлек, биыл жалпыұлттық халық санағы ойдағыдай өтті. Елімізде санақ тұңғыш рет электронды форматта өтті. Санақ нәтижелері елді одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша алға қойылған міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Мамин.