Өнер саласындағы ЖОО оқытушыларының айлығы 75 пайызға өсті
Мәдениет комитетінің төрайымы Роза Кәрібжанова Мәдениет және өнер саласындағы ЖОО оқытушыларының айлығы 75 пайызға көтерілгенін айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Шығармашылық білім ордасында оқытушы-профессорлар орны ерекше. Оқу орындарымызда халық әртістері, ел үшін еңбек сіңірген қайраткерлер және мемлекеттік сыйлық иегерлері жұмыс істейді. Бүкілінің ғылыми дәрежелері бар орта қалыптасқан, - деді Кәрібжанова орталық коммуникациялар алаңында өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.
Спикердің мәлімдеуінше, биыл Үкіметтің қолдауымен оқытушы-профессорлардың еңбекақысы 75 пайызға өскен.
13тен 16 жылға дейін тәжірибесі бар профессорлар бұрын 267 мың теңге алған, ал қазір 435 мың теңгеге дейін айлығы өсіп отыр. Жалақы мөлшері маманның тәжірибесіне байланысты беріледі. Мәселен, доценттер бұған дейін 243 мың еңбекақы алса, қазір 400 мыңға дейін өсті. Оқытушылардың жалақысы 210 мыңнан 350 мыңға дейін көбейді, - деді Роза Кәрібжанова.