«Өнер көкпары». ІІІ орын иегері анықталды
Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы Тараз қаласы маңындағы Бестөбе атшабарында өтіп жатқан «Өнер көкпары» республикалық турнирінің ІІІ орын иегері анықталды.
Үшінші орын үшін «Қарағанды» өнер-көкпары командасы мен «Алматы» өнер-көкпары командасы арасында тартыс өтті.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай өтіп жатқан турнирдің басты мақсаты Президент айтқан бұқаралық спортты дамытуды қолдау.
Осы орайда турнирдің үйлестірушісі, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Досымжан Таңатаровты әңгімеге тартқан едік.
Командалар жақсы өнер көрсетті. Ойымдағыдан жақсы нәтиже көрсеткен командалар да бар. Алғашқы турнир ғой, көш жүре түзеледі, алдағы уақытта бұдан да жақсы ойын көрсетеміз деп ойлаймын – дейді ол.
Сонымен қатар Досымжан Таңатаров өзінің қос командасының ойынына көңілі толатынын айтты.
Мен үшін екі команданың орны бірдей. «Ақмола» жақсы, не «Елорда» жақсы деп бөле-жармаймын. Негізі екі команданы екі топқа бөлгім келген. Тағдырлары ғой, бір топқа түсіп, бірімен-бірі ойнауға тура келді. Анығын айтар болсам, басқаларға қарағанда менің командаларымда үйлесім бар, ойын бар. Ал кейбір командалар жеке ойыншылардың арқасында шығып отыр. Бұндай үйлесім осы командалар арасында «Қарағанды» құрамасында барын байқадым – дейді әнші.
Досымжан Таңатаров жетекшілік ететін «Ақмола» командасы финалға өткен еді. Олар ертең Шымкент қаласы құрамасымен ойнайтын болады. Екі команда ойынына болжамын сұрағанымызда «Өнер көкпары» турнирінің үйлестірушісі, оған әзірге болжам жасаудан аулақ екенін айтты.
Ал үшінші орын үшін тартыста «Қарағанды» құрамасы басымдық танытты. Есеп - 4:1.
Алматы құрамасының еншісіндегі бір салымды актер, дублер, мәдениет қайраткері Еділ Смағұлов салды. Ал «Қарағанды» құрамасына тиесілі 4 салымның үшеуін команда капитаны, асаба Ерік Тезекбаев салса, біреуін әнші, асаба Данияр Дүйсенбаев салды.
Осымен «Өнер көкпары» республикалық турнирінің ІІІ орны «Қарағанды» өнер-көкпары командасына бұйырды.
Ертең Қазақстан Республикасының 30 жылдығына орай Көкпардан ересектер арасындағы ел чемпионатының Жоғарғы лига финалында Жамбыл облысы құрама командасы мен Түркістан облысының құрама командасы кездеседі. Бірінші лигада Нұр-Сұлтан қаласы құрамасы мен Қарағанды облысы құрамасы кездессе, «Өнер көкпары» турнирінің финалында «Ақмола» командасы мен «Құлагер-Шымкент» командасы кездеседі.