Өнегелі өмір иесінің асыл бейнесі жүректе мəңгі сақталады – Райымқұлова
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Нұртілеу Иманғалиұлының отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.
Мәдениет және спорт министрлігінің атынан танымал журналист, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының жəне «Парасат» орденінің иегері Нұртілеу Иманғалиұлы Иманғалиевтің қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.
Нұртілеу Иманғалиұлы саналы ғұмырын сүйікті ісіне, елімізді өркендетуге арнаған қазақ тележурналистикасы мэтрлерінің бірі, ардақты азамат еді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында өшпес із қалдырған жайсаң жан ізінен ерген шəкірттеріне үлгі болып, кəсіби маман ретінде қалыптасуына зор үлес қосты.
Дархан пейілді тұлға телевизия саласында «Жадыңда ма, жолдас?!», «Айна», «Жастар дауысы», «Ой-көкпар», «Дидар», «Заң мен заман» жəне өзге де елді елеңдеткен толғақты түйткілдер мен көкейкесті мәселелерді арқау еткен, саяси-əлеуметтік салмағы басым, шыншыл бағдарламаның тізгінін ұстап, халықтың ілтипатына бөленді. Өнегелі өмір иесінің асыл бейнесі қазақ халқының көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады.
Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Ұрпағымен мың жасасын, - деп жазды министр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алтын Орда базарының жолы мені де шаршатты – Сағынтаев
Келесі жаңалық
Исландияда жанартау атқылады
Өзгелердің жаңалығы