"ÓNEGE" жобасы аясында қиын жағдайға тап болған 350 адамға көмек берілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы 24 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.
Отырысты онлайн-режимде ашқан Ұлттық комиссияның төрайымы Л.Рамазанова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қойған маңызды міндеттерді орындау үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Ұлттық комиссия отбасы мен балалардың мүдделерін қорғауға қатысты өзекті мәселелерді талқылау бойынша қоғамдық диалогты дамытуды жалғастыруда. "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заң жобасы әзірленді. Бүгінгі таңда құқық қорғаушы ҮЕҰ-ның белсенді қатысуымен 13 онлайн-талқылау өткізілді, - деді Рамазанова.
Отырыста Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңінің орындалу қорытындысы баяндалды.
Отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған бірқатар әлеуметтік-маңызды жоба іске асырылды. Жоғарғы Соттың қолдауымен "Бақытты отбасы" отбасылық соттар жанындағы отбасын ресурстық қолдаудың 12 орталығының қызметі қамтамасыз етілді (Нұр-сұлтан, Алматы қалаларында, Қарағанды, Ақмола, Атырау, Жамбыл, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында). Есепті кезеңде орталықтарға 2 750-ден астам адам өтініш жасады, оның ішінде ажырасу мәселелері бойынша – 2030 адам. Татуласуға дайын адамдар саны 38,1% (774 адам) құрады.
"ÓNEGE" жобасы шеңберінде 9 өңірде әлеуметтік қызметтер 1125 консультациялық қызмет көрсетті және отбасылардағы өмірлік қиын жағдайдың 225 оқиғасы бойынша көмек берді.
19 мың адам тегін кеңес алды, оның ішінде 350-і қиын өмірлік жағдайға тап болған.
"Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтының құрылымында отбасы институтын зерттеу орталығы ашылды. Ағымдағы жылы Орталық отбасының өзекті мәселелері бойынша бірқатар зерттеу жүргізілетін болады.
2019 жылы Нұр-сұлтан қаласында "Жанұя" орталығы ашылды, ол "бір терезе" қағидаты бойынша қала тұрғындарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді біріктіреді және отбасылармен жеке жұмыс жүргізеді. Бүгінгі күні Орталыққа 14,8 мың сұрақпен 7 мыңға жуық адам жүгінді. 11,5 мыңнан астам кеңес беріліп, оның барысында 3,5 мыңнан астам мәселе шешілді.
Талқылау барысында Қазақстандағы отбасылық және гендерлік саясат саласындағы нысаналы индикаторларға қол жеткізуге байланысты бірқатар мәселе атап өтілді.
Отырысқа қатысушыларға ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілдігі өткізген "ұрпақ және гендер" зерттеу қорытындылары ұсынылды. Демографиялық дамуды анықтайтын халықтың қоныстануы саласындағы факторлардың бірі адамның репродуктивті денсаулығын қорғау болып табылатыны, ал оның басты мақсаты – дені сау балалардың дүниеге келуі атап өтілді.
Соңында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 20 жылдығына арналған кітап таныстырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілді.