«Өнеге-Бейсен-Сайқын» тас жолының үштен бір бөлігі дайын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан өңірінде орналасқан "Өнеге-Бейсен-Сайқын" тас жолының үштен бір бөлігінде қозғалыс қамтамасыз етілмек. Күре жолдың 35 шақырымында асфальт төселді. 

Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» АҚ баспасөз қызметі хабарлады. Жақын арада жол таңбалары сызылады. Жол-құрылыс жұмыстарын отандық мердігер ұйымдар жүргізуде.

Күрделі жөндеу нысанында құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін барлық қажет ресурс қарастырылды. Осылайша, 140-тан астам арнайы техника мен 200-ден астам жол жұмысшысы жұмылдырылды. Жұмыстар тәулік бойы және кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жұмыс қарқынын арттыру үшін мердігер ұйымдар екі асфальтбетон зауытын (АБЗ) іске қосты. Жол-құрылыс материалдарының бір бөлігі көршілес Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан тасымалданады.

Аталған республикалық трассаның жалпы ұзындығы 103 шақырымды құрайды. Күре жол 2 учаскеден тұрады. Жолды қолданысқа беру 2023 жылдың соңына жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұл жол құрылысы ұзаққа созылған күре жолдардың қатарында болатын. Алайда биыл жол-құрылыс жұмыстары қайта жанданып, қарқынды жүруде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы