Өндірушілер ғана экспорттай алатын тыңайтқыштардың тізбесі бекітілді
Өндірушілер ғана экспорттай алатын тыңайтқыштардың жекелеген түрлерінің тізбесі бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл шара осы өнімді ел аумағынан шығаруға тосқауыл қою және отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында қабылданып отыр. Тізбе Үкімет қаулысымен бекітілді.
Аталған норма фермерлерге аса қажет аммоний нитраты және аммофос сияқты тыңайтқыштар түрлеріне қатысты. Ішкі нарықты, әсіресе, көктемгі егіс маусымы кезінде осы тыңайтқыштармен қамтамасыз ету маңызды, бұл мақсатта Үкімет олардың құнын 50% көлемінде субсидиялайды. Сонымен бірге бағаның төмендігін алыпсатарлар да пайдаланып кетіп жатыр.
Осылайша, кеден органдары елімізде субсидияланатын тыңайтқыштарды өндірушілерден бөлек нарық субъектілері экспорттаған фактілерді де тіркеуде. Бұл отандық аграрийлердің сұранысын қамтамасыз етуге кері әсер етеді.
Сондықтан Үкімет тыңайтқыштардың осы түрлерін тек оларды өндірушілерге ғана экспорттауға айрықша құқық беру туралы шешім қабылдады. Отандық аграрийлердің тыңайтқыштарға деген сұранысы өңір әкімдіктерінің өтінімдеріне сәйкес басым тәртіппен қамтамасыз етілмек.
Айта кету керек, қабылданған қаулы негізінде заңда белгіленген мерзімде тиісті лицензиялар беру тәртібін реттейтін бірқатар нормативтік-құқықтық актілер әзірленетін болады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіптік даму комитеті лицензия берумен айналыспақ.
Анықтама. Үкіметпен «Тыңайтқыштардың жекелеген түрлерін экспорттауға айрықша құқық берудің кейбір мәселелері туралы» 2023 жылғы 12 мамырда №362 қаулы қабылданды; «Аммофос және аммоний нитратын әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 24 мамырдағы №378 бұйрығы бекітілді. Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс және Ауыл шаруашылығы министрліктері арасында «2023-2025 жж арналған минералды тыңайтқыштарды өндіру және қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірлескен іс-шара жоспары» бекітілді.
Сондай ақ, калий және фосфор кен орындарын игеру мақсатында Министрлік әлеуетті инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізуде, онда калий тұздарын және фосфорит кендерін өндірудің тиімді және экологиялық қауіпсіз технологиясын таңдауға ерекше назар аударылады.
Президент бұл тапсырманы 2022 жылғы 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бергенін атап өтейік.