«Өндіріс өссе – өңір өркендейді»: Respublica Шығыс Қазақстандағы кәсіпорын ұжымымен кездесті
Сайлауалды үгіт-насихат аясында Respublica партиясының өкілдері Шығыс Қазақстан облысындағы ірі көпсалалы компаниялардың бірі – AN Group еңбек ұжымымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған компаниялар тобы өндіріс, құрылыс және оларға сабақтас салаларды біріктірген экожүйе қалыптастырған. Кәсіпорынды белсенді кәсіпкер, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, «Құрмет» орденінің иегері Қайнар Дүйсенов басқарады.
Өскемендегі «Юбилейный» кинотеатрында өткен кездесу ресми баяндамадан гөрі ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылды. Жиында Respublica партиясының қызметі, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары және Парламент қабырғасында жүзеге асырылған бастамалар таныстырылды.
Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров Құрылтай депутаттығына кандидаттар Олжас Құспеков, Нұргүл Тау, Лаура Вайгорова және Ерболат Мұхамеджановпен бірге бағдарламаның басымдықтарын таныстырды. Олар шағын және орта бизнесті қолдау, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың мүмкіндігін кеңейту, фермерлер мен отандық өндірушілердің мүддесін қорғау, жастар, медицина қызметкерлері және мүгедектігі бар азаматтарды қолдау бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Кездесу барысында нақты секторды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар өндіріс орындары үшін қолайлы жағдай қалыптастыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, салық саясатын жетілдіру, еңбек нарығына қажет мамандар даярлау, білім сапасын арттыру және жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру мәселелерін талқылады.
Еңбек ұжымы да өздерін толғандырған мәселелерді ашық көтерді. Қызметкерлер салық жүктемесі, кәсіп жүргізу шарттары, уақыт белдеуі, білікті кадр тапшылығы, отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау және заңнамалық өзгерістерге қатысты сауалдарын жолдады. Партия төрағасы мен кандидаттар барлық сұраққа жауап беріп, ұсыныстарды назарға алатынын айтты.
AN Group компаниялар тобының басшысы Қайнар Дүйсенов мұндай кездесулер бизнестің нақты мәселелерін талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кез келген кәсіпорынның артында, ең алдымен, адамдар тұр. Бұл – жұмыс орындары, отбасылар және ұжым алдындағы жауапкершілік. Сондықтан нақты секторға қатысты мәселелердің тек кабинеттерде талқыланбауы маңызды. Заңнамалық шешімдер құрылыс салып, өнім өндіріп, жұмыс орындарын ашып жүрген азаматтардың пікірін ескеруі тиіс, – деді ол.
Шығыс Қазақстан – елдегі ірі индустриялық өңірлердің бірі. Өскемен қаласында түсті металлургия, машина жасау, энергетика, тамақ өнеркәсібі мен құрылыс саласының жетекші кәсіпорындары шоғырланған. Осыған байланысты өндірісті дамыту, өңірлік бизнесті қолдау, білікті кадр даярлау және еңбек адамдарының мүддесін қорғау кездесудің негізгі тақырыптарының бірі болды.