Өндіріс көлемі артқанымен, пайда жоқ: Атыраудағы полипропилен зауытында не болып жатыр?
ҚМГ өкілдері зауыттың қаржылық нәтижесін өндірістік қуатқа кезең-кезеңімен шығу үдерісімен, қарыз жүктемесімен және әлемдік нарықтағы жағдаймен байланыстырады.
Атырау облысындағы Kazakhstan Petrochemical Industries зауыты 2025 жылы 375 мың тонна полипропилен өндіріп, 365 мың тонна өнім сатты. Кәсіпорынның табысы 145,3 млрд теңгеге жеткенімен, сатылған өнімнің өзіндік құны 160,3 млрд теңге болған. Жыл қорытындысы бойынша таза шығын 71,5 млрд теңге болған. BAQ.KZ тілшісі өндіріс көлемі өссе де, кәсіпорынның неліктен әлі де шығынмен жұмыс істеп жатқанын және бұл көрсеткіштерді «ҚазМұнайГазда» қалай түсіндіретінін зерделеді.
«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС Атырау облысында полипропилен өндіреді. Жоба Теңіз кен орнынан алынатын шикізатты өңдеу үшін іске қосылып, жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға есептелген. Кешенді толық көлемде пайдалану сынақтар аяқталып, лицензия алынғаннан кейін, 2024 жылдың қараша айында басталды.
Зауыт өндірісті ұлғайтқанымен, әзірге табыссыз отыр
2025 жылы кәсіпорынның өнім сату көлемі айтарлықтай өсті. Полипропиленді өткізуден түскен табыс бір жыл бұрынғы 26,2 млрд теңгемен салыстырғанда 145,3 млрд теңге болды. Компания бір жыл ішінде 2024 жылғы 166 мың тоннаға қарсы 365 мың тонна өнім сатты.
Сонымен қатар сатылған өнімнің өзіндік құны 160,3 млрд теңгеге жетті. Осылайша, есептілік деректеріне сәйкес, 2025 жылы өткізілген өнімнің өзіндік құны оны сатудан түскен табыстан асып түскен.
Кәсіпорын шығындарының ең ірі баптары ретінде шикізат пен материалдар, жабдықтардың тозуы мен амортизациясы, техникалық қызмет көрсету, электр энергиясы және еңбек ақы төлеу көрсетілген.
Бұған мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов өзінің PACE Telegram-арнасында назар аударған болатын.
2025 жылы әрбір 1 теңге табысқа шамамен 1,10 теңге өндірістік өзіндік құннан келді. Бұл әлі әкімшілік шығындарды, өнім өткізу шығындарын және қарыздарға қызмет көрсету шығындарын қоспағандағы көрсеткіш, – деп жазды Исмаилов.
Оның есебіне сәйкес, жалпы рентабельділік 2024 жылғы оң 7,8%-дан 2025 жылы теріс 10,3%-ға дейін төмендеген.
Яғни өндіріс көлемін ұлғайту өнімнің бірлігіне шаққандағы экономикалық тиімділікті нашарлатқан. Бұл энергия шығындарының артуымен, технологиялық жоғалтулармен, логистикамен немесе өнімді өткізу бағасының төмен болуымен байланысты болуы мүмкін. Нақты себеп өзіндік құнға қатысты түсіндірме жазбаларда көрсетілуі тиіс, – деді сарапшы.
Қаржылық шығындар көлемі шамамен 79 млрд теңгеге жеткен
Кәсіпорынның түпкілікті қаржылық нәтижесіне қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету шығындары да әсер етіп отыр.
2025 жылы KPI компаниясының қаржылық шығындары 78,9 млрд теңгеге жетті. Оның негізгі бөлігі – шамамен 57 млрд теңге – Қытай мемлекеттік даму банкінің несиесі бойынша төленген пайыздарға тиесілі. Сонымен қатар, «СИБУР Холдинг» ЖАҚ қарызы бойынша пайыздық төлемдер 9,5 млрд теңгені, Еуразиялық даму банкінің несиесі бойынша 5,5 млрд теңгені, ал ҚМГ берген қарыз бойынша 4,2 млрд теңгені құрады.
Бұл қарыз жүктемесінің өте ауыр екенін көрсетеді. Жағдайды толық бағалау үшін №20 ескертпені зерттеу қажет: қарыздардың құрылымы, пайыздық мөлшерлемелер, қарыз валютасы, өтеу мерзімдері және мемлекеттік кепілдіктердің болуы маңызды, – деп жазды Исмаилов.
Есептілік деректеріне сәйкес, 2025 жылдың соңында KPI компаниясының қарыздарының жиынтық баланстық құны шамамен 1,218 трлн теңгені құраған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1,181 трлн теңге болған.
Неліктен шығын көлемі азайды?
Шығындардың жоғары болуына қарамастан, кәсіпорынның таза шығыны бір жыл ішінде шамамен үш есеге қысқарды – 2024 жылғы 224,3 млрд теңгеден 2025 жылы 71,5 млрд теңгеге дейін төмендеді. Сонымен қатар операциялық қызметтен болған таза ақша ағынының теріс сальдосы 61 млрд теңгеден 39,8 млрд теңгеге дейін азайған.
Кәсіпорынның қорытынды қаржылық нәтижесіне валюта бағамдарының өзгеруінен түскен айырма да айтарлықтай әсер еткен. 2025 жылы бұл көрсеткіш KPI компаниясына 31,6 млрд теңге көлемінде пайда әкелсе, бір жыл бұрын, керісінше, 156,5 млрд теңге шығынға себеп болған. Есептілікте бұл негізінен АҚШ долларымен алынған қарыздар мен кредиторлық берешекті қайта бағалаумен байланысты екені көрсетілген.
Сондықтан таза шығынның азаюын кәсіпорынның қаржылық жағдайының толық сауыққанын білдіреді деп бағалауға болмайды. 2025 жылы негізгі өндірістің экономикалық тиімділігі мен қарыз тұрақтылығы нашарлай түсті, – дейді Исмаилов.
«ҚазМұнайГаз» не дейді?
«ҚазМұнайГаз» компаниясында кәсіпорынның қаржылық көрсеткіштерін зауыттың өндірістік қуатының біртіндеп артуымен қатар қарастыру қажет деп есептейді.
Өндірістік көрсеткіштерге келсек, полипропилен шығару көлемі кезең-кезеңімен ұлғайтылды: 2023 жылы шамамен 180 мың тонна, 2024 жылы – 249 мың тонна, ал 2025 жылы – 375 мың тонна. 2026 жылы 450 мың тонна дайын өнім өндіру жоспарланып отыр. Өндірісті игеру барысында зауыт полипропиленнің жаңа маркаларын шығаруды қолға алып, технологиялық режимдерді оңтайландырып, шикізат пен жабдықтарды пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр, – деп хабарлады ҚМГ.
Компания өкілдері операциялық көрсеткіштердің жақсарғанына да назар аударады.
Кәсіпорынның операциялық тиімділігі оң динамика көрсетіп отыр: EBITDA көрсеткіші 2024 жылғы минус 1 млрд теңгеден 2025 жылы плюс 34 млрд теңгеге дейін өсті. EBITDA маржасы 24% болды, – делінген ҚМГ жауабында.
ҚМГ-де EBITDA көрсеткішінің өсуін кәсіпорынның операциялық тиімділігінің артқанын білдіретін оң үрдіс ретінде бағалайды. Алайда жыл қорытындысы бойынша таза қаржылық нәтиже әлі де теріс күйінде қалып отыр.
Неліктен екі жылдың көрсеткіштері бір-бірінен ерекшеленеді?
«ҚазМұнайГаз» өкілдерінің айтуынша, 2024 және 2025 жылдардағы есептілік көрсеткіштерін жекелеген баптар бойынша тікелей салыстыру дұрыс емес.
2024 жылдың қараша айына дейін кәсіпорын сынақ өнімдерін өндірген. Сол кезеңдегі өнімді сатудан түскен табыс пен шығындар кешен толық іске қосылғаннан кейінгі тәртіптен өзгеше есепке алынған.
Сонымен қатар, есепті кезеңдердегі пайда мен залал туралы есептің баптарын тікелей салыстыру дұрыс болмайды, өйткені есеп жүргізу базасы әртүрлі болды. 2024 жылдың қараша айына дейін кәсіпорын сынақ өнімдерін шығару режимінде жұмыс істеді. Сондықтан есептіліктің 18 және 19-ескертпелеріне сәйкес, осы кезеңдегі 73,8 млрд теңге көлеміндегі табыс пен 60,3 млрд теңге көлеміндегі өзіндік құн негізгі қызметтен түскен табыс ретінде емес, өзге кірістер мен шығыстар құрамында көрсетілген, – делінген ҚМГ жауабында.
Осылайша, 2024 және 2025 жылдардағы табыс көрсеткіштерін тікелей салыстыру үшін есептілікте өнімді көрсету тәртібінің өзгергенін ескеру қажет. Өйткені 2024 жылдың қарашасына дейін сынақ өнімдерін сатудан түскен кірістер өзге табыстар құрамында есепке алынған.
Әлемдік баға да әсер етті
ҚМГ кәсіпорынның қаржылық нәтижелеріне әсер еткен тағы бір фактор ретінде әлемдік полипропилен нарығындағы жағдайды атайды.
2025 жылғы қаржылық нәтижелер қолайсыз сыртқы нарық жағдайында қалыптасты. Әлемдік полипропилен нарығында айқын “аюлы” тренд байқалып, Азияда жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы мен сұраныстың әлсіреуіне байланысты негізгі өңірлерде бағалар 8–15%-ға төмендеді. Соған қарамастан, шикізат жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттардың арқасында кәсіпорын өзінің экономикалық тұрақтылығын сақтап қалды, – деп хабарлады ҚМГ.
2025 жылы KPI 365 мың тонна өнім сатты. Алайда тамыз айында зауыт жоспардан тыс түрде 29 күнге тоқтатылған. Есептілікте сондай-ақ жылына 500 мың тонна өнім өткізуге бағытталған кепілдендірілген ұзақ мерзімді келісімшарттардың бар екені айтылған.
Полипропилен қай елдерге сатылады?
2025 жылы KPI үшін ең ірі нарық Еуропа болды. Бұл бағытқа жеткізілген өнімнен түскен табыс 40,6 млрд теңгені құрады. Одан кейін Ресей – 31,8 млрд теңге, Түркия – 27,6 млрд теңге, Қытай – 26,2 млрд теңге және Қазақстан – 19,1 млрд теңге көрсеткішімен орналасқан.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының мәліметінше, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейіп келеді.
Қазақстанның ішкі нарығында полипропилен 2024 жылдан бері импорттық баламалардан төмен бағамен сатылып келеді. Сонымен қатар 2026 жылдың маусым айында KPI отандық өңдеуші кәсіпорындарды қолдау мақсатында бағаны қосымша төмендетті. 2026 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Еуропа нарығына 91,4 мың тонна премиум сападағы полипропилен жөнелтілді. Еуропадан бөлек, KPI-дің мақсатты маркалары Түркия мен Ресейге жеткізілуде. Ал өтпелі (мақсатты емес) полипропилен маркалары Қытайға экспортталады, – деп хабарлады компания.
Қаржылық есептілік деректері KPI өндіріс пен сатылым көлемін ұлғайтып жатқанын көрсеткенімен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын әлі де шығынмен жұмыс істеп отыр.
Жыл соңында капитал тапшылығы 315,95 млрд теңге болған. Сонымен қатар қысқа мерзімді міндеттемелер көлемі қысқа мерзімді активтерден шамамен 64 млрд теңгеге артық болған. Есептілікте қарыздардың бір бөлігін қайта қаржыландыру қажеттігі де көрсетілген.
Сонымен қатар құжатта ҚМГ-нің кәсіпорынға қаржылық қолдау көрсетуге мүмкіндігі де, ниеті де бар екені көрсетілген.
KPI компаниясының алдағы қаржылық көрсеткіштері зауыттың өндірістік қуатын арттыруы өнімнің өзіндік құнына, қарыз жүктемесіне және түпкілікті қаржылық нәтижесіне қаншалықты әсер ететініне байланысты болмақ.