Ондаған мың адам зейнетақы жинағының артық бөлігін пайдалану мүмкіндігінен айырылды
Тұрғын үйге арналған зейнетақы қаражатын алу белсенділігі 2024 жылдың жазынан бергі ең төмен деңгейге түсті. Ондаған мың адам зейнетақы жинағының артық бөлігін пайдалану мүмкіндігінен айырылды. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюро мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылдың қаңтарында тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдеріне қатысты 38,6 мың өтінім орындалды.
БЖЗҚ деректеріне сүйенсек, бұл - 2024 жылдың екінші жартысында басталған зейнетақы қаражатын алу серпінінен бергі ең төмен көрсеткіш.
Дегенмен, қазіргі көрсеткіштерді тым төмен деп айтуға келмейді. Жалпы алғанда, олар белсенділік артқан кезеңнің басындағы, 2024 жылғы шілде-қыркүйек айларындағы деңгейлерден қатты алыс кетпеген. Жылдық мәнде, 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда, өтінімдер саны үштен бірге азайған, ал 2025 жылдың желтоқсанына қарағанда шамамен 90%-ға төмендеген. Алайда бұл ретте желтоқсандағы көрсеткіштердің аса жоғары болғанын ескеру керек. Себебі 2026 жылдан бастап ең төменгі жеткіліктілік шегінің өсуіне дейін адамдар қаражатты пайдалануға асыққан, - деп жазылған хабарламада.
БЖЗҚ бағалауы бойынша, осы шектің өсуі бірнеше ондаған мың адамның біржолғы төлем рәсімдеу мүмкіндігінен айырылуына әкелуі тиіс еді.
Қордың алдын ала есептеулері бойынша, 2025 жылдың желтоқсанында артық зейнетақы қаражатын алуға 885,8 мың қазақстандық үміткер бола алса, 2026 жылғы қаңтарда бұл көрсеткіш 849,5 мың адамға дейін төмендейді. Сонымен қатар азаматтардың тағы бір бөлігі үшін алуға болатын сома тым аз болып, әсіресе, желтоқсандағы ерекше белсенділіктен кейін оны пайдаланудың мәні болмауы мүмкін, - дейді Бірінші кредиттік бюро.
Еске салайық, бұған дейін 50 жастан зейнетке шығып, өмір бойы қалай зейнетақы алуға болатынын жаздық.