Он қаламгер арнайы номинациямен марапатталды
Ақтөбе қаласында өткен республикалық әдеби форумда елімізге танымал он қаламгер 1 млн теңгелік сыйақыға ие болды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы ВAQ.KZ тілшісі.
Биыл Ақтөбе өңірінде осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған “Әдебиет. Рух. Қоғам” атты әдеби форумға Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов пен Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып бастаған қаламгерлер қатысты.
Басқосуда ақын-жазушылар әдеби форумның маңыздылығына тоқталып, бірнеше жылдан бері қаламгерлерді ұлықтап, оларға арнайы номинация табыстап келе жатқан Ақтөбе облысы басшылығына алғыстарын білдірді.
Бауыржан Жақып Ақтөбе жері бүгінде әдебиеттің алтын бесігіне айналғанын, мұндай шара өзге өңірлерде сирек өткізілетінін айтты.
Бұл дегеніміз болашағымызға салынып жатқан инвестиция деуге болады. Себебі әдебиеттің орны бөлек. Кез келген әдебиет өкілі өз шығармасымен оқырманын табады. Сондықтан жыл сайын осындай шараның Тахауи Ахтанов бастаған қазақ әдебиетінің белгілі классиктері туып-өскен қасиетті мекенде өткізілуі өте орынды. Бұл өңірден Қуандық Шаңғытбаев, Бәкір Тәжібаев, Өтежан Нұрғалиев, Ізтай Мәмбетов, Сағи Жиенбаев, Қажығали Мұханбетқалиұлы сияқты белгілі ақын-жазушылар шыққан. Осы форумда аты аталған тұлғалардың есімдерінің ұлықталып, олар атындағы сыйлықтың қазіргі қарымды қаламгерлерге табысталуы- үлкен құрмет, игілікті бастама, – деді ол.
Бұдан кейін шарада белгілі ақын, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева сөз сөйледі.
Бүгінгі Ақтөбе жерінде өтіп жатқан әдебиет кешіне қатысу бізге де бұйырыпты. Біз, осы отырған қаламгерлер, ХХ ғасырдың қазақ әдебиетінің өкілдеріміз. Ол кездегі әдебиет кез келген Нобель сыйлығын алатын әдебиет еді. Ол кезеңде біз қазақтан шыққан талай классиктерді көзіміз көрді, тіпті, сол кездегі шығармаларды әлі де Нобель сыйлығына ұсынуға болады. Ал қазіргі әдебиеттің орны тіпті бөлек, себебі бұл ғасырдың тарихи атауын уақыт “береді”. Дегенмен осындай қалаигерлеріміз барда қазақтың әдебиеті ешқашан өшпейді, мәңгі жасайды, – деді ол.
Шара барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов форумға келген қаламгерлерді арнайы номинациялармен марапаттап, оларға 1 миллион теңге сыйақы мен төсбелгі табыс етті. Атап айтсақ, форумда Тахауи Ахтанов атындағы сыйлықты Сұлтанәлі Балғабаев, Қуандық Шаңғытбаев атындағы сыйлықты Жұмаш Кенебай, Тобық Жармағамбетов атындағы сыйлықты Төлеміс Меңдіғалиев, Үмбетбай Уайдин атындағы сыйлықты Көпен Әмірбек, Сағи Жиенбаев атындағы сыйлықты Сәтжан Дәрібай, Ізтай Мәмбетов атындағы сыйлықты Бауыржан Бабажанұлы, Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы сыйлықты Нұрдәулет Қабасов, Өтежан Нұрғалиев атындағы сыйлықты Алмас Сақбаев, Бәкір Тәжібаев атындағы сыйлықты Әлихан Жақсылықтар иеленді.
Сонымен қатар жиында Қазақстан Жазушылар Одағына қабылданған бір топ қаламгерге мүшелік билеттер табысталып, ақтөбелік ақын-жазушылар әдебиетке, өнерге қатысты өз ұсыныс тілектерін жеткізді.
Бүгінгі форум аясында біз Балалар жылына орай ұйымдастырылған “Кітап фестивалі-2022” шарасын да қорытындыладық. Нәтижесінде он үздік атанған мектеп ұжымына арнайы Алғыс хаттар мен 300 мың теңгенің сертификаты берілді. Жалпы бұл фестивальге 83 мектеп қатысса, фестиваль аясында өткен кітап көрмелеріне 15 мың еңбек қойылды. Барша мектеп ұжымдарына алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да осындай шаралар жалғасын табады. Жалпы бұл фестиваль қорытындысын осы форум аясында өткізудегі мақсатымыз- өңірге келген ақын-жазушылардың батасын алу, оқушыларға деген олардың ақ тілектерін жеткізу, әдебиетшілердің өмір жолын жастарға үлгі ету, – дейді Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.