Он бесінде бас болған бала шебер

Қолынан келмейтіні жоқ. Өз замандастарынан озық туған, қабілет пен қайратты қатар ұстаған бұл жасөспірім — темір тұлпарлардың тілін еркін меңгерген шебер. Көлік жөндеудің қыр-сырын бала күнінен бойына сіңіріп өскен Бақдәулет Исақпен BAQ.KZ тілшісі сұхбат құрды.

Бақдәулет Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Тастөбе ауылының мақтанышына айналған. Ол – небәрі 15 жастағы жасөспірім. Таң атысымен мектепке асығып, білімін шыңдайды. Ал түстен кейін қолына кілт пен құрал-сайманын алып, шеберханаға беттейді. Бала демесең, ересек адамдай байыппен сөйлеп, сабырмен жұмыс істейді. Шеберлігіне қарап таңғалмасқа амал жоқ. Қозғалтқышты бір қарап-ақ ақауын дөп басады. Кейде тіпті, ауыр жөндеуді қажет ететін машиналардың "жүрегін" үш-төрт сағатта толықтай шешіп, қайта құрастырып береді. Диагностика жүргізіп, автоэлектрика бағытында да жүйелі жұмыс істейді.

Бақдәулеттің ерекше таланты — әке жолын жалғауынан бастау алған. Оның әкесі Қанат пен атасы Қонысбай да өз заманында ауылдың көлік жөндеу ісін дөңгелеткен танымал шеберлер болған. Қарапайым еңбек адамдары. Бақдәулет кішкентайынан әкесінің қасынан қалмай, шеберханадағы әр құралдың атын біліп, әр істің ретін көкейге тоқыған. Балалық шағы кілт, балға, бұрандалар мен май иісінің ортасында өткен. Содан болар, қазір ол көліктің не үшін жүрмей тұрғанын құлақпен емес, жүрекпен сезетіндей.

Махаббатпен істеу – шеберліктің басты кепілі

Әкем маған бала күнімнен-ақ: "Қандай істі бастасаң да, соған жүрек қоса біл. Жұмысты махаббатпен істеу – шеберліктің басты кепілі" деп жиі айтатын. Әсіресе көлік жөндеу ісінде бұл сөздің мәні терең екенін күн өткен сайын түсініп келем. Көлікті тек темір деп қарауға болмайды. Әр темір тұлпардың артында бір отбасының тіршілігі, бір адамның сенімі, өмірі бар. Сондықтан көлікке ақау шыққанда, оны қайта жөндеумен қатар, иесінің көңілін де орнына түсіру – мен үшін басты міндет. Осы қағиданы әкем үйретті, ал мен оны өмірлік ұстанымыма айналдырдым. Себебі сеніммен жасалған жұмыс – сапалы жұмыс. Жөндеген көлік тып-тыңғылықты жүріп кеткенде, иесінің ризашылықпен қол алысқаны маған үлкен марапат секілді. Шебер болу – тек құрал ұстау емес, ол – жауапкершілік, ықылас және адалдық, – дейді жас шебер Бақдәулет Исақ.

Бақдәулет мектептегі оқуын да естен шығарған емес. Сабақ үлгерімі жақсы. Ал бос уақытын кәсібіне арнайды. Қазірдің өзінде ауыл тұрғындары оған сеніммен көліктерін тапсырып, батасын беріп жатады. Ең қызығы — бұл істі тек қосымша уақыт өткізудің жолы деп емес, болашақ мамандығы ретінде таңдауы. Ол электрик-инженер болуды армандайды. Өзінің айтуынша, қазір де автоэлектрика бағытында түрлі курстар мен материалдарды онлайн оқып жүр. Білімін жетілдіріп, ертеңгі күні ауылда жаңа технологиямен жабдықталған жөндеу орталығын ашқысы келеді. Көпшілік үшін таңғаларлық бір дерек — Бақдәулеттің ай сайынғы табысы. Қарапайым көрінгенмен, шын мәнінде аса қажет кәсіп иесі ретінде ол қазірдің өзінде 500 000 теңгеге дейін табыс табады. Бұл, әрине, еңбек пен табандылықтың жемісі. Жас болса да, жауапкершілікті сезінеді, әр клиентке сеніммен қарайды.

Бұл салада жас мөлшері емес, ынта мен ықылас бәрін шешеді. Шеберлікке деген шынайы махаббат пен күнделікті ізденіс – кез келген маманның ең үлкен капиталы. Кейде менің қатарластарым бос уақытын телефонға телмірумен өткізсе, мен өзімді балға мен кілттің ортасында тапқаныма қуанамын. Өйткені бұл – менің жүрек қалауым, өз жолым. Темірдің тілін тапқан сайын өзімді еркін сезінем. Қарапайым ғана көлікті қайта тірілтіп, оталдырып жіберу – мен үшін үлкен ләззат. Ол бір шабыт беретін сәт. Жұрт ойлайтын шығар, "қолың май-май болып, не рахат табасың?" деп. Бірақ мен үшін май сіңген қолға намыс сіңгендей. Әрбір жөнделген көлік — менің қолтаңбам, еңбегімнің жемісі. Сондықтан бұл кәсіпті тек жұмыс ретінде емес, өмірімнің бір бөлігі, болашақтағы бағытым деп білемін, – дейді жас шебер Бақдәулет Исақ мақтанышпен.

Ауылдастар алғысын арқалаған азамат

Ауыл тұрғындары да жас маманға дән риза. "Шақырсаң, қас қағым сәтте келіп көмек көрсетеді", "Құдды бір көлікпен сөйлесетіндей" деген пікірлерді естисің. Әсіресе, ауыл үлкендері "нағыз еңбек адамы болайын деп тұр" деп сүйсіне қарайды.

Шеберхана десе, бірден Бақдәулетті іздейміз, – дейді ауыл тұрғыны Ержан Әбішев. – Мен өзім көлігімді бірнеше рет үлкен сервистерге апарып көргем. Бірақ кейде ондағы мамандар ақауды нақты таппай, ұзақ-сонар күттіреді. Ал Бақдәулет болса, көлікке бір қарап-ақ мәселені дөп басып айтады. Қажетті бөлшектерді тауып, тез әрі ұқыпты жасап береді. Таңғалатыным — жасы небәрі 15-те. Бірақ ісі нағыз шебердің ісі. Әкесінен көріп, атасынан үйреніп, үш ұрпақтың ізі қалған шеберханадан шыққандығы бірден байқалады.

Жас механиктің екінші ауылдасы да зерек те қабілетті баланы мақтап өтті.

Қолынан келмейтіні жоқ. Шынымды айтсам, кейде "мына бала шынымен мектепте оқи ма?" деп күмәнданам. Бір күні көлігімнің моторынан шу шығып, жүрмей қалды. Қаладан маман шақыртам деп жүргенімде, көршім "Бақдәулетке апарып көрші" деді. Барып едім, аса көп сөйлемей-ақ, бәрін мұқият қарап шықты. Шамамен үш сағат ішінде ақауды жөндеп берді. Ең қызығы – саудагер секілді артық бөлшек сатуға тырыспайды, не керегін ғана нақты айтады. Шынын айтқанда, мұндай ұқыптылық пен адалдық үлкендерден де табыла бермейді., – дейді тағы бір ауыл тұрғыны Нұржан Төлеубаев.

Болашақта Бақдәулет осы салада кәсіби білім алып, әкесінің жолын жалғап, отбасылық кәсіпті одан әрі дамытуға ниетті. Ол ауылдағы шағын шеберхананы заман талабына сай құрал-жабдықтармен жабдықтап, үлкен техникалық орталыққа айналдыруды армандайды.

Темірдің тілін түсіну – маған Алланың берген қабілеті. Енді соны біліммен ұштастырып, ауылдастарымның сенімін ақтағым келеді, – дейді ол.

Бұл – жай ғана бала арманы емес, ұрпақ сабақтастығы мен еңбекке деген құрметтен туған үлкен мақсат

Міне, темірге жан бітірген, қарапайым еңбектің қадірін бала жасынан сезінген Бақдәулет секілді өрендер – ел болашағының тірегі. Оның табандылығы мен еңбекке деген құрметі, кәсібіне адалдығы көпке үлгі. Шынайы еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Бақдәулеттің де алда биік белестерді бағындырып, өз ісінің майталманы боларына сенім мол. Ал бізге – осындай ұрпаққа демеу болып, еңбегін бағалап отыру ғана қалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы