Омыртқасы қатты зақымданған науқастарды емдеу тәсілдері айтылды

Алматыда омыртқасы қатты зақымданған науқастарды шағын инвазивті тәсілдермен емдеп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгінде «омыртқа жарығы», «мойын стенозы», «бел омыртқа стенозы», «омыртқаның жылжуы» сынды диагноздарды білмейтін адам кемде-кем. Мұндай ауруға шалдыққан науқастар дәрі-дәрмек көмектеспеген жағдайда хирургиялық операцияға жүгінуге мәжбүр болады.

Кез-келген ота салдары оңай болмайтыны белгілі, сондықтан дәрігерлер емнің пациент денсаулығы үшін тиімді тәсілін таңдап алуға тырысады.

Оңтүстік астанадағы №7 Қалалық клиникалық ауруханада өткен шеберлік класы барысында мойын стенозы, бел омыртқа каналының тарылуы сынды дертке шалдыққан пациенттерге шағын инвазивті оталар жасалды. Оған Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығы мен Алматыдағы көпбейінді ауруханалардың нейрохирургтері қатысты.

Екі күндік шеберлік класы барысында аса ауыр клиникалық науқастарға 3 ота жасалды. Ота барысында бір пациенттің мойын омыртқасына ляминопластика жасалды. Бел омыртқасы зақымданған тағы бір пациентке шағын инвазивті OLIF әдісімен операция жасалды. Хирургиялық манипуляциялардың бәрі МӘМС есебінен жүргізілді.

Ляминопластика – омыртқа қысылып, жүйке талшықтарының зақымдануына әкеп соқтырған стеноз ауруына жасалатын нейрохирургиялық отаның бірі. Ол қысылған омыртқа каналын босатып, отадан кейін болатын асқынулардың алдын алуға көмектеседі.

Ал OLIF процедурасы өзге ота түрлеріне қарағанда өмірлік маңызы бар ағза құрылымдарын зақымданудан сақтайды. Мысалы, 52 жастағы науқас 20 жылдан астам уақыттан бері омыртқа жарығының ауыр түрімен ауырады. Соңғы бірнеше айдан бері аяқтары жансызданып, жағдайы мүлде нашарлаған, салдарынан кұнделікті жүріп-тұрудың өзі мұң болғанын айтады. Дәрі-дәрмек пен физиотерапия ешқандай нәтиже бермеген соң хирург мамандардың көмегіне жүгініпті.

Бұл операция Ұлттық нейрохирургия орталығының профессоры Талғат Керімбаевтың жетекшілігімен өтті. OLIF тәсілі тиімді қолданылды. Бұл біздің ауруханада жоғары білікті мамандар жұмыс істейтінін дәлелдеп берді. Ота нәтижесінде науқас еркін жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болды. Операция тіндердің зақымдануына жол бермейді, бұл әсіресе, ұзақ уақыт бойы созылмалы дертпен ауыратын науқастар үшін өте маңызды, - деді жетінші аурухананың №1 Нейрохирургиялық бөлімшесі меңгерушісі Бақыт Ағлақов.

Маманның айтуынша, OLIF әдісінің артықшылықтары көп. Атап айтқанда, шағын инвазивті отадан кейін науқас денсаулығы қысқа уақытта қалпына келеді; отадан кейінгі асқынулар қаупі төмендейді. Оның үстіне, пациенттердің көбі ота орнында қалатын тыртыққа көп мән береді, сондықтан шағын инвазивті тәсіл косметикалық жағынан да тиімді болып келеді.

OLIF процедурасы хирургке дененің алдыңғы және қаптал тұсынан жұмыс істеп, беломыртқа қызметін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл әдіс науқастарға дәстүрлі отаға қарағанда тез арада сауығып, қалыпты өмірге араласуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, пациент көп қан жоғалтпайды және тін көп зақымданбайды, - деп түсіндірді дәрігер.

Сәтті жасалған отаның арқасында сырқаттың неврологиялық ахуалы жақсарды, аяқтарының сезімталдығы артып, ауырсыну белгілері төмендей бастады. Операция омыртқаны тұрақтандырып, асқынулардың алдын алуға мүмкіндік берді. Науқас отадан кейін екінші күні өз бетімен жүре бастады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы қалалық №7 клиникалық аурухана
Өзгелердің жаңалығы