Өмірзақ Шөкеев «Керуен-Сарай» кешені құрылысының тарихы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы брифингі барысында «Керуен-Сарай» кешені  құрылысының тарихы жайлы айтып берді. 

Естеріңізге сала кетейік, осыдан тура үш жыл бұрын, 2018 жылдың 19 маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи Жарлыққа қол қойып, елімізде Түркістан облысы құрылған болатын. 

Осы мезгіл аралығында Түркістан облысы үлкен өзгерістерді бастан кешіріп, жаңа келбетке ие болды. Үш жылдан бері Түркістан облысы бірнеше бағытта дамып келе жатыр. Ол бағыттардың ішінде Ахмет Иассауи кесенесі төңірегенде рухани орталық құру, ескі қаланы жаңғырту, климаттық белдеулерді дамыту сияқты ауқымды шаралар бар. 

Әрине, қалаға турист тарту үшін, ең алдымен, Түркістанды тарихи-мәдени орталыққа айналдыруымыз керек. Оның кешенді жоспары әзірленген кезде Түркістанды тек діни орталық ретінде емес, он сегізінші ғасырда Жібек жолы бойында орналасқан ірі сауда орталығы ретінде таныту мақсаты да тұрды. Осының негізінде үлкен сауда орталығын салу жоспарланды. Жаңадан бой көтерген сол сауда орталығының орнында бұған дейін саманнан салынған көріксіз үйлер орналасқан еді. Сондай мыңға жуық үй сүріліп, орнына орталықтың ғимараты бой көтерді. Ол үйлер тұрғындардың рұсатымен сатып алынды. Оларды баспанамен қамтамасыз еттік, - деді ол. 

Әкімнің айтуынша, кешен құрылысын түріктің «Sembol» компаниясы жүргізген.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға келгенде «Sembol» компаниясының басшысы Фетах Тамиджге бұл Түркістанның түркі әлемінің ортақ дүниесі екенін ескертіп, оған үлес қосу керектігін айтты. Фетах Тамидж мырза осы жерге  өзі қаражат бөліп, үлкен кешен салу туралы ұсынысын білдірді. Осылайша, ұзындығы 900 метр, ені 60 метрлік Орталық Азиядағы үлкен кешен пайда болды. Мұнда қазіргі күні турист аяғы үзілмейді, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы