Өмірімнің қиын кезеңі артта қалды: сотталған әйел бостандық қуанышымен бөлісті
Қызылордада 5 жылға сотталған әйел бостандыққа шықты. Ол жаңа өмір бастауға, отбасымен қауышуға ниетті екенін айтты. «Қақпа алдында кездесу» шарасында мамандар әлеуметтік-құқықтық кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің 37 мекемесінен жазасын өтеп болған әйел азаматша босатылды. Ол ҚР Қылмыстық кодексiнің 217-бабымен 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Осы азаматшаға мекеменің тәрбие бөлімі "Қақпа алдында кездесу" шарасын ұйымдастырды.
Жергілікті органдардан мамандар шақырылып, әлеуметтік-құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мекемеден босатылған соң қай жерге бару қажеттігін, қандай мемлекеттік қолдау шараларын қолдануға болатынын түсіндіріп өтті.
Қажетті ақпаратты алған азаматша ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Мен бүгін үлкен толқу үстіндемін. 5 жыл өмірімнің оңай болмаған кезеңі артта қалды. Бостандыққа шыққан соң қайта қателеспей, жаңа өмір бастауға ниеттімін. Маған көрсетілген қолдау мен кеңестер үшін мекеме қызметкерлеріне және шақырылған мамандарға алғыс айтамын. Ендігі мақсатым – отбасыммен қауышып, қоғамға пайдасы тиетін адал жолмен өмір сүру, - деді босатылған азаматша.