«Өмірдің шынайы болмысы өлеңге сыймайды» – Хамит Есаман

Өлең – өмір. Өмір – өлең. Қуатты ойды, нәзік лириканы, шалқар шабытты жыр тілінде жазған ақын қазақ қоғамы үшін қашанда қастерлі. Біздің бүгінгі сұхбаттасушымыз – ақын, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, республикалық «Алтын тобылғы» әдеби конкурсының бас жүлдегері Хамит ЕСАМАН.

– Хамит аға, сіз ең алдымен оқырман үшін ақынсыз. Жуырда ғана жаңа жыр жинағыңыздың тұсауы кесілді. Соңғы уақытта әдеби әлемі тосылыңқырап қалған Әулиеата өңірі үшін үлкен мәдени, рухани кеш болды. «Фәни-құбылыс»-қа жалпы қандай жырлар топтастырылды. Қазір не жазып, не оқып жүрсіз?

– Өткен жылдың соңында еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы бойынша «Дәуір» баспасынан «Фәни-Құбылыс» атты өлеңдер жинағым жарық көрді. Әрине, мұндай игі жетістікке қуанбайтын шығармашылық адамы болмайтын шығар. Жалғыз менікі емес, елімізге танымал қазақ қаламгерлерінің біразының сол кезде кітаптары шықты. Бір нәрсені түсінген жөн; ешкім де кітапты шығарып беруге міндетті емес. Алайда, қазіргі кезде мемлекет тарапынан қаламгер қауымға қолдау бар. Бұл да ақын-жазушыларға деген қолдау мен құрмет деп білеміз әрі бұл жауапкершілікті түсінеміз.

Шығармашылық адамының кітабының шығып, елдің ықыласына ие болғанынан артық бақыт жоқ. Ақын өлеңді тағдырымен жазады, тылсым халді тамырымен де, тағдырымен де кешеді. «Фәни-Құбылыс» кітабында сағыныш, өмір хақында толғанған жырлар бар. Сағыныштың өзі өмір мен өлеңнің жолы. Ал, дүниенің дидарында тұнған түрлі күрделі сауалдарға жауап беру де ақынның арынына байланысты. Бір ғана «Мен кіммін?», «Қайдан келдім?», «Қайда барамын?» деген сауалдардың өзі-ақ өміртануға, өзімізді тануға жетелейді.

«Фәни-Құбылыс» кітабым жаңадан шыққан кезде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев мені арнайы қабылдап, әрқашан тілектес екенін, қолдайтынын айтқан болатын. Әрине, мұндай жақсылыққа кім болса да қуанады. Одан кейін көп ұзамай Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен тарихи Тараз шаһарында, «Көркемсурет галереясы» залында «Сағыныш» атты жыр кешім өтті. Бір адамды сағынудан басталған сағыныш уақыт өте келе балалық шақты сағынуға, қайта оралмас көктемді, бәлкім, адам өзі бақытты деп санайтын сәттерді сағынуға ұласады. Міне, кеш осындай ойлардың төңірегінде құрылды. Кеш аясында «Фәни-Құбылыс» кітабының тұсауы кесілді. Сол кешке облыс әкімі арнайы келіп қатысты. Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Светқали Нұржан, Маралтай Райымбекұлы, Нұржан Қуантай, Ерлан Жүніс, Олжас Сәндібек, Мақсат Мәлік сияқты елімізге танымал қаламгерлер Әулиеатаға арнайы келді. Айтары жоқ, керемет кеш өтті. Кәдімгі поэтикалық кеш, поэзиялық сағат, сағыныш тербеген, мұң шалқыған, қиял көкке өрлеген бір мөлдір дүние болды. Мұндай сәттерді өзіміз де сағынып қалған екенбіз.

Ақиқатын айту керек, Әулиеата өңіріне басшы болып келген күннен бастап Ербол Шырақпайұлы шығармашылық адамдарын қолдады. Қолына қалам ұстаған азаматтарға дұрыс қарады. Қаламгерлер қауымына ниет-пейілі түзу болды. «Сағыныш» атты жыр кешіміздің де өтуіне ерекше қолдау көрсетті. Жалпы, алдағы уақыттарда Әулиеата өңірінің әдеби-рухани өмірінде жақсы жаңалықтардың көп болатыны сөзсіз. Сауалға орай айтарым, қазір ештеңе жазып жүрген жоқпын. Себебі, менің ұғымымда өлең деген жиі жазылмайды. Есесіне, Лев Толстойдың, Шыңғыс Айтматовтың, Пауло Коэльоның, Орхан Памуктың кейбір шығармаларын қайталап оқып жүрмін.

– Сізді ақын ретінде қоғамда не толғандырады? Сіз оқырман үшін лирик ақынсыз. Лирикалық толғауға өмірдің шынайы болмысын сыйғыза алып жүрсіз бе?

– Қоғамда толғандыратын мәселе көп. Мәселен, адам мен адамның қарым-қатынасы мені қатты ойландырады. Қазіргі кезде көп жағдайда адам мен адамның арасындағы байланыс рухани дүниеден гөрі, сыйластыққа, жанашырлыққа қарағанда есепке құрылып бара жатыр. Байқаймын, көп адамдар адамның қоғамдағы беделіне, істеп жүрген қызметіне, дүниесіне қарап бағалайды, соған қарап сыйласады. Одан кейін, адамға адам емес, зат сияқты қарау бар. Өткенде елді шулатып жүрген «тоқал сыйлау» дегендер осындай ойлардан шығып жатыр. Біз қазір адамның құқы мен көзқарасына көп қарамайтын болдық, онымен санаспайтын болдық. Уақыттың беталысына да көп алаңдаймын. Әрине, азамат болған соң көп нәрсеге бейжай қарай алмайсың. Кейбіреулердің қарау пиғылы адамды ойландырады. Бір-бірінің жағасынан алып, жанына жара салып жатқан ел бар. Бәрі емес, әрине. Ешкім де өзіне қарамайды, бәрі де өзгенің өмірінен астар іздейді. Сонда бұл не?! Ары-бері ойланып, жауабын таба алмаймын.

Өмірдің шынайы бар болмысы өлеңге сыймайды. Алайда, ақын өлеңге өтірік айтпауы керек. Менің түсінігімде, уақыт қана шынайы, ал, жалған өмірде шынайы көп ештеңе жоқ. Бәлкім, бұл фәни-дүниедегі ең шынайы нәрсе сәбидің көз жасы мен күлкісі, сондай-ақ, соңғы сағаты соққан адамның көкірек күрсінісі шығар. Сөз жоқ, өмірдің өзі шынайы, бірақ кейбір адамдардың жаман ниет-пейілі сол шынайы өмірдің шындығын тұншықтырып барады. Ал, адам көңілі шынайы деп көп нәрсені қабылдауы мүмкін. Бірақ, шындығында олай емес. Өмірдің шынайы болмысын қалай қабылдау ақынға байланысты. Ол кейін ақынның өлеңдерінен көрінеді.

– Қазіргі қазақ поэзиясы қай деңгейде? Жалпы бүгінгі қазақ өлеңі заман көшіне ілесе алып жатыр ма?

– Әр дәуірдің ақыны өзінің жүрек сөзін жазады ғой. Сол уақытты қалай қабылдау, қоғамның шындығы неде, дерті қандай, міне, ақын жанында жыр болып тулайтын дүниелер осы болар. Әр ақынның өз қолтаңбасы болатыны сияқты, өзінің жанын тербеген әлемі болады. Жалғыздық деген философия барлық ақынға тән. Бірақ, сол жалғыздықтан әр ақын әртүрлі нәрсе көреді. Бір анығы – мәртебелі поэзияның бәсі қай кезде де биік болған. Әрине, ақындардың жаратылысына, табиғатына байланысты өлеңнің формасы мен мазмұны өзгеруі мүмкін. Бірақ, шынайы қара өлеңнің құдіреті мәңгі өлмейді. Өлең заман көшінен қалмайды. Ол егер шын өлең болса. Біз бәріміз жаңа заманның әдебиетін жасауымыз керек. Өлең «мода» болуы керек деп ойлаймын. Қазір мысалы ел кітап оқымайды деп өкпелейміз. Ол не оқиды? Көп ретте ақын мен жазушы аз, есесіне жазарман көп. Бірақ, қазір жақсы шығармалар туып жатыр. Өзін классик санап тепсінетіндерге ештеңе сабақ болған жоқ. Мұндайды күн сайын көріп жүрміз.

– Осы орайда жастар шығармашылығы жайында айта кетсеңіз. Өзіңіз ізденіп, іздеп оқитын жас ақындарды атап өтіңізші?

– Жастардың шығармашылығын қолдау керек. Талантты жігіттер мен қыздар бар. Оның үстіне, бұрынғыдай емес, жас әдебиетшілерге мемлекет тарапынан да қолдау көп. Бірақ, тек кітап шығарып, танымал болып, кеш өткізумен ештеңе шешілмейтін шығар. Мұндайлар онсыз да жетерлік. Аға буын әдебиеттің жаңа өкілдерінің шығуына, ары қарай жолының ашылуына ықпал етсе дегім келеді. Оған мемлекет қамқорлығы қосылса тіпті ғаламат. Біз мәселен 2007 жылы республикалық Баянауыл форумына қатыстық. Тұңғыш кітаптарымыз сол кезде шықты. Кейбір ағалардың қолдауын көрдік. Қазіргі жаңаша ойлайтын, өзгеше жазатын жастарға барлық жағынан қолдау болса, керемет әдеби шығармалар дүниеге келетін еді деп ойлаймын.

– Поэзия өзі ықылым заманнан келе жатқан жанр ғой. Енді уақыт өте келе түрлі әдеби процестер жүріп жатыр. Түрлі бағыттар жаңғыруда. Біздің әдебиетте, қара өлеңде бүгінгі қоғам қаншалықты шынайы жырланып жүр?

– Бүгінгі қоғамның шындығы әр адам үшін әр қилы. Біз мысалы қоғамдағы түрлі формацияны шындық деп қабылдаймыз. Азық-түліктің қымбаттауы, кейбір ауылдарда жолдардың жөнделмей жатуы, кейбір ауданда ауыз судың жоқтығы сияқты мәселелермен біз күн сайын бетпе-бет келеміз. Ақын да өзі өмір сүріп отырған қоғамнан бөлініп кете алмайды. Бірақ, мұндай күнделікті тұрмыстағы нәрселерді шындық ретінде қабылдап, оны жырға қосу поэзияны публицитистика деңгейіне түсіріп жіберетінін білеміз. Алайда, барша адамзат тарихынан бермен қарай жасап келе жатқан ақ пен қараның айқасы – басты тақырыптардың бірі. Қазіргі кезде жақсы шығармалар жазылып келеді. Қоғам дегеннің өзін тұтас адамзат қоғамы ретінде қараған дұрыс. Оның ішінде біз қазақ қоғамында өмір сүріп жүрміз. Біз неге қол жеткіздік, нені жоғалттық, кім едік, қайда бара жатырмыз деген сауалдардың жауабына жақындаған кезімізде, бүгінгі қоғамның да шынайы шығармашылық портреті жасалады.

– Аға, тақырыптан сәл ойыса тұрсақ. Сіз Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облысы филиалының төрағасы қызметіндесіз. Сіздіңше, бұл мандат сізге не жүктейді? 2024 жылға арналған әдеби, мәдени іс-шаралармен таныстыра өтсеңіз?

– Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы болып жұмыс істеп келемін. Меніңше, бұл мандат емес, міндет. Әрбір жұмыстың өзінің жауапкершілігі болады. Бірінші кезекте қаламгерлердің кітап шығару, қаламақы алу, өзге де іс-шаралар ұйымдастыру сияқты қажетті дүниелерін жергілікті биліктің назарына жеткізуге бұл ұйым керек. Мен бір ғана қолдауды айта кетейін. Өткен жылы Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Нұржан Нұржігітов жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарын шығаруға жергілікті бюджеттен 50 миллион теңге бөлді. Кейіннен аймақтың басшылығы ауысқан кезде бұл игілікті істі облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жалғастырды. Нәтижесінде, өткен жылдың соңында Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен «Абай» баспасынан жергілікті 24 автордың кітаптары әрқайсысы 1000 данамен жарық көрді. Әрбір авторға 300 мың теңгеден қаламақы берілді. Алдағы уақытта да мұндай игілікті жұмыстар жалғасады деп ойлаймын.

– Қай заманда да әдебиеттің ағартушылық миссиясы алғашқы орында келеді. Көне Тараз талай ақын-жазушының қаламына арқау болған шаһар. Бүгінгі Тараз келбеті, қала өмірі поэзияда, жалпы әдебиетте қалай көрініс табуда? (Тараз қаласына қатысты байқаулар, шығармалар туралы ақын-жазушылар шығармашылығы)

– Шығыс шайырларының ғазалдарында сол кездегі Тараз, парасат пен махаббаттың рухани астанасы болған Тараз керемет шеберлікпен суреттеледі. Тараздың табиғаты бөлек сұлуларының жаратылысы да ерекше сипатталады. Әрине, адамзат тарихынан ойып орын алған күрделі шығармалардың тағдырын қайталау мүмкін емес. Дегенмен, ежелгі Тараздың тарихын ғана қамтып қоймай, сол кездегі уақыттың тынысын тап басатын бір роман ба, поэма ма керек сияқты. Әбіш Кекілбаевтың «Талайғы Тараз» деген тамаша кітабы бар. Көптеген қаламгерлер де Тараз туралы толғанып жазды. Енді басқа бағытта, жаңаша көзқараста жазылған шығарма болса деп ойлаймын. Оның үстіне биыл Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толады.

– Хамит аға, соңғы сауал: бүгінгі әдебиет, поэзия қаншалықты қуатты? Ақындар айта алмай жатқан (тақырып деп шектеу қоймайық) не мәселе бар?

– Әдебиетте бірыңғай алыптар болмайды. Әркім хал-қадерінше еңбек етеді. Нені айту емес, қалай айту маңызды ғой. Сол сияқты, әр ақын айтарын қисынын тауып, тамырын басып айта алса, бәріміз үшін де олжа болады. Жалпы, шығармашылық адамдарын Құдайдың өзі солай жаратқан, түрлі қауіп-қатерді ескертуші деп қараймыз. Әдебиетте адамзатқа ескерту жасаған ақындар мен жазушылар да, шығармалар да бар. Данте, Маркес сияқты ұлы тұлғалардың шығармаларынан біз сондай құбылысты көреміз. Қазір де айтарын айтып, жазарын жазып келе жатқан ақындар бар. Жоғарыда айттым, көпшілік шығармашылық адамдарын шындықты айтса дейді. Бірақ, шындықты айтудың жөні осы екен деп от басының, ошақ қасының әңгімесін айтып жүре берсе, бұдан ол әдебиеттің беделін түсіреді. Әрине, шындық айтылуы керек. Бірақ, оның да өз формасы, мәдениеті болады.

– Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар ақын Хамит Есамановтан мәртебелі оқырман үшін жыр шашу сұраймыз...

ҚҰБЫЛЫС

Фәни дүние, дидарыңа көз салдым,

Өткен күндер өлі сәт боп байқалмай.

Бозаң қырда бұйығады боз шалғын,

Адамдарға әлденені айта алмай.

 

Шексіздікте күн өртеніп барады,

Ай жанады...бұл жүректі шалған мұң.

Жер бетінде жапырақтар жаралы,

Тұрған өксіп жанарында жалғанның.

 

Уақыттан да жүйрік жұлдыз ағады,

Көз жасымнан тыныш бірақ ол менің.

Шерге толса қызыл гүлдің сағағы,

Ал мен оның шуағына шөлдедім.

 

Құбылыстан Құдайды іздеп шарқ ұрдым,

Көз жетпейтін шексіздік пен шыңырау.

Жүрегіме жиналыпты бар кірбің,

Сен не деген беймаза едің ғұмыр-ау.

 

Сен не деген құпия едің құбылыс,

Бәлкім сенің толқыныңда өлгенмін.

Маған бәрін көрсетеді ұлы күш,

Бірақ оны түсіне алмай сенделдім.

 

Талай іздеп тылсым ойдың бұлағын,

Жан дейтін бұл жанып түскен жапырақ.

Еңіреп кеп етегіңе құладым,

Жайлы мекен жалғыз уыс топырақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы