Өмірдің алғашқы күндерінен бастап үлкен жеңістерге дейін: ТШО Атырау облысының тұрғындарына қалай қолдау көрсетеді
Ірі компаниялардың әлеуметтік жобалары туралы сөз болғанда, көбіне бюджет көлемі, салынған нысандар, сыйға тартылған жабдықтар мен қолдау тапқан жобалардың саны айтылады. Алайда олардың шынайы мәні есептегі көрсеткіштерден емес, адамдардың күнделікті өмірінен көрінеді. Дәрігерге науқастың өмірін сақтап қалуға қажетті жағдай жасалғанда, бала заманауи әрі жайлы мектепте білім алғанда, жедел жәрдем көлігі шақыртуға уақытылы жеткенде немесе жергілікті қауымдастықтың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылғанда әлеуметтік инвестицияның нақты нәтижесі сезіледі.
Теңізшевройлдың Атырау облысындағы әлеуметтік инвестицияларды қалай жүзеге асырып отырғаны және компания үшін нысандар мен жабдықтар ғана емес, жергілікті халыққа ұзақ мерзімді пайда әкелудің маңыздылығы туралы біз ТШО-ның үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімінің бас менеджері Нұрмұхамед Нұрғалиұлы Қартабаевпен сұхбаттастық.
– Нұрмұхамед Нұрғалиұлы, ТШО үшін әлеуметтік инвестиция дегеніміз не?
– Әлеуметтік инвестициялар – кез келген аймақтың тұрақты дамуының маңызды бөлігі. Бұл тек жаңа нысандар салу немесе жекелеген бастамаларды қаржыландыру ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын ұзақ мерзімді жақсартуға және жергілікті қауымдастықтарды дамытуға жағдай жасау. «Теңізшевройл» Атырау облысында 30 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде компания мен өңір тұрғындарының арасында берік серіктестік қарым-қатынас қалыптасты. Міне, дәл осы себепті біз әлеуметтік инвестицияларды ең алдымен жергілікті қауымдастық алдындағы жауапкершілік және өңірдің ұзақ мерзімді дамуына қосқан үлес ретінде қарастырамыз.
Кез келген бағдарламаның өз бюджеті, көрсеткіштері және нысандар тізімі болады. Бірақ ең басты сұрақ әлдеқайда қарапайым әрі маңызды: адамдардың өмірі жақсарып, қауіпсіз әрі жайлы бола түсті ме?
ТШО-ның әлеуметтік бағыты денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік инфрақұрылым, мәдениет, параспорт, жергілікті қауымдастықтарды қолдау және үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін дамыту салаларын қамтиды. Бұл бір реттік бастамалар емес, ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс.
– «Игілік» бағдарламасы ТШО-ның әлеуметтік инвестициялары арасында неліктен ерекше орын алады?
– «Игілік» – ТШО-ның көпшілікке кеңінен танылған ерікті әлеуметтік бағдарламаларының бірі. Оның жылдық бюджеті 25 миллион АҚШ долларын құрайды. Бағдарлама 1999 жылы басталғалы бері оның аясында 120-дан астам жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, ауруханалар, спорт және мәдениет нысандары, сондай-ақ басқа да қоғамдық инфрақұрылым нысандары бар.
Алайда біз үшін тек салынған нысандардың саны ғана маңызды емес. Мектеп – баланың күн сайын келетін, білім алып, өсіп-жетілетін және өз мүмкіндіктеріне сене бастайтын орны. Балабақша ата-аналарға баласының қауіпсіз әрі дамуына қолайлы ортада екенін біліп, алаңсыз еңбек етуге мүмкіндік береді. Ал аурухана – тек ғимарат пен жабдық емес, қажетті медициналық көмекті дер кезінде әрі үйге жақын жерден алу мүмкіндігі. Мұндай жобалардың шынайы мәні де осында.
2024 жылдың соңында Құлсары қаласының Береке шағын ауданында 600 оқушыға арналған заманауи мектеп пайдалануға берілді. 2023 жылы Жаңаталап ауылындағы спорт кешенінің және Жылыой ауданындағы орталық аудандық аурухананың құрылысы аяқталды. Бүгінде бұл нысандар тұрғындарды қабылдап, халыққа қызмет көрсетуде.
Қазіргі таңда Атырау облысында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Атырау қаласының Жұлдыз-2, Ақсай-2 шағын аудандарындағы және Жаңаталап, Томарлы ауылындағы балабақшалар құрылысы, сондай-ақ Жылыой ауданындағы Қосшағыл, Исатай ауданындағы Аққыстау ауылдарында мәдениет үйлерін салу жобалары бар. Сонымен қатар Жылыой ауданының Майкөмген ауылында 300 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде.
Мұндай жобалар әлеуметтік маңыздылығымен қатар өңір экономикасына да оң әсерін тигізеді. Әрбір нысанның құрылысы жергілікті мамандарды жұмыспен қамтуға, отандық мердігерлер мен жеткізушілердің дамуына ықпал етуге, сондай-ақ Атырау облысында кәсіпкерлік пен еңбекпен қамту үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді.
– ТШО қандай жобалардың халық пен өңір үшін шынымен қажет екенін қалай анықтайды?
– Біз үшін әр жобаның нақты қажеттілікке жауап беруі маңызды. ТШО мен Атырау облысын тек өндіріс қана байланыстырып тұрған жоқ. Бізді тұрғындар, отбасылар, аудандар, ауруханалар, мектептер және күнделікті өмір байланыстырады. Компания қызметкерлерінің көпшілігі осы өңірде тұрады, олардың балалары жергілікті мектептерде білім алады, ата-аналары жергілікті ауруханаларға жүгінеді, ал көршілері өңірдің барлық тұрғындары сияқты ортақ инфрақұрылымды пайдаланады.
Сондықтан облысты қолдау біз үшін жай ғана қайырымдылық емес. Бұл – ТШО ұзақ жылдардан бері бір бөлігі болып келе жатқан жергілікті қауымдастықтың дамуына қосқан үлес. Біз тек қандай нысан салуға немесе қандай жабдық беруге болатынын ғана емес, жоба аяқталғаннан кейін оның тұрғындарға қандай пайда әкелетінін де ескереміз. Дәрігерге диагноз қою жеңілдей ме, оқушыға білім алу үшін қолайлы жағдай жасала ма, ауданның күнделікті коммуналдық мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік туа ма – біз үшін осы сұрақтардың жауабы маңызды.
– Соңғы уақытта жүзеге асырылған қандай жобалар әлеуметтік инвестициялардың іс жүзіндегі нәтижесін жақсы көрсетеді?
– Әрбір жобаның өзіндік маңызы бар, өйткені олардың әрқайсысының артында нақты қажеттілік тұр. Мысалы, Жылыой ауданына құны 1,3 миллиард теңгеден асатын 18 бірлік арнайы техника мен медициналық жабдықтың берілуі бірден бірнеше мәселені шешуге көмектеседі.
Арнайы техника коммуналдық қызметтердің аудан тұрғындарының күнделікті қажеттіліктеріне жедел жауап беруіне мүмкіндік береді: жолдарды күтіп ұстау, қалдықтарды шығару, аумақтарды тазалау және төтенше жағдайлар кезінде шұғыл әрекет ету жұмыстары тиімдірек атқарылады.
Ал медициналық жабдық дәрігерлердің диагностикалау және емдеу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Сондай-ақ Атырау облысына 25 жедел медициналық жәрдем көлігінің сыйға тартылғанын ерекше атап өткім келеді. Медициналық бригада үшін мұндай көлік әр минут шешуші рөл атқаратын жағдайда жұмыс орны. Ал науқас пен оның отбасы үшін бұл көмектің тезірек жетіп, медициналық шаралардың ауруханаға жетпей тұрып басталатынына деген сенім, әсіресе шалғай елді мекендердегі немесе түнгі уақытта болған шұғыл шақыртулар кезінде маңызды.
Денсаулық сақтау мен экология салаларындағы жобалардың да маңызы зор. Атырау облыстық кардиология орталығы мен Махамбет аудандық ауруханасына берілген жабдық дәрігерлерге шешімді жылдамырақ қабылдауға және емдеу сапасын арттыруға көмектеседі. Сонымен бірге «Табиғат» коммуналдық кәсіпорнына құны 3,9 млрд теңгеден асатын жабдық табысталды. Ол су ресурстарын қорғау, табиғатты қорғау инфрақұрылымын дамыту және қаланың тазалығын сақтауға ықпал етеді.
Бұл жобалардың мазмұны әртүрлі болғанымен, бәрін біріктіретін ортақ қағида бар: олар адамдарға түсінікті болуы әрі күнделікті өмірде пайдасын тигізуі керек. Тек осылайша әлеуметтік инвестиция жай есептегі дерек болып қана қоймай, шынайы өзгерістердің бір бөлігіне айналады.
– Ең әсерлі жобалардың бірі жаңа туған нәрестелерді қолдауға байланысты болды. Бұл бағыт сіздер үшін неліктен маңызды?
– Өйткені бұл жобалар туралы құр сандармен ғана айту мүмкін емес. Сәби өмірінің алғашқы сағаттары мен күндерінде қабылданатын шешімнің артында ата-анасы, тұтас бір отбасы және дәрігерлердің зор жауапкершілігі тұрады.
Біз AYALA қорымен бірлесіп Атыраудағы неонаталдық хирургия мен офтальмология бөлімшелерінің дамуына қолдау көрсетіп, медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен, соның ішінде аса жоғары деңгейдегі ультрадыбыстық жүйемен қамтамасыз етуге үлес қостық. Бұл дәрігерлерге ауыр патологияларды жүктілік кезінде анықтауға, дәрігерлер тобын алдын ала дайындауға және нәрестелерге өмірінің алғашқы күндерінде жоғары технологиялық медициналық көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді.
Ең маңызды нәтижелердің бірі өңірдегі алғашқы неонаталдық хирургия бөлімшесінің ашылуы болды. Бөлімше жұмыс істей бастаған алғашқы айлардың өзінде дәрігерлер туа біткен ауыр патологиялары бар 16 нәрестенің өмірін сақтап қалды. Біз үшін бұл жай ғана медициналық көрсеткіш емес. Бұл – дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында болашаққа үміттері пайда болған 16 отбасының тағдыры. Осындай жобалар әлеуметтік инвестицияның не үшін қажет екенін ерекше айқын көрсетеді.
– ТШО-ның әлеуметтік жобаларының қатарында Атырау облысының параволейбол федерациясын қолдайтын бастама бар. Бұл жобаның сіздер үшін маңызы неде?
– Біз үшін бұл жай спорт емес. Былтыр біз Атырау облысының параволейбол федерациясына қолдау көрсетіп, жаттығу мен оңалтуға арналған кәсіби жабдықтар, сондай-ақ шағын автобус табыстадық. Бұл спортшыларға жарыстарға қауіпсіз қатынауға, қарқынды сайыстардан кейін тезірек қалыпқа келуге және сапалы дайындыққа көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Атырау командасы еліміздегі ең мықты топтардың бірі: олар Қазақстан чемпионы атағын 13 рет жеңіп алған, ал бірқатар спортшы ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Бірақ біз үшін ең бағалысы медальдар ғана емес. Бұл жандар күн сайын қайсарлық, тәртіп пен өз күшіне деген сенімді көрсетіп келеді. Олардың өнегесі бүкіл қоғам үшін маңызды. Өйткені ол адамның мүмкіндіктеріне басқаша көзбен қарауға және шынайы инклюзияның қандай болуы керектігін тереңірек түсінуге көмектеседі.
– Үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) жұмыс ТШО-ға өңір тұрғындарының нақты қажеттіліктерін жақсырақ түсінуге қалай көмектеседі?
– Оның маңызы өте зор. Үкіметтік емес ұйымдар көбіне адамдардың нақты қажеттіліктерін жақсы біледі. Олар қолдауды қажет ететін отбасыларды, жаңа мүмкіндіктер керек балаларды, кедергісіз ортаның маңызы зор деп санайтын мүгедектігі бар жандарды, қамқорлық пен ықыласқа зәру қарттарды, сондай-ақ өз әлеуетін дамыту үшін ресурстарды қажет ететін қауымдастықтарды көреді.
Сондықтан 2010 жылы іске қосылған Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы біздің жұмысымызда ерекше орын алады. Осы уақыт ішінде Атырау облысында үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, 160-тан астам жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалар денсаулық сақтау, білім беру, инклюзия, экология, жергілікті қауымдастықты дамыту, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, әлеуметтік кәсіпкерлік және мәдени мұраны сақтау бағыттарын қамтиды. Олардың қатарында балаларға арналған білім беру бастамалары да, экологиялық акциялар да, адамдарға жаңа дағдыларды меңгеріп, өз бетінше табыс табуға мүмкіндік беретін жобалар да бар.
Өткен жылы ТШО 16 ҮЕҰ жүзеге асырған 20 жобаны қаржыландырды. Біз үшін мұндай бастамалардың жергілікті жердегі шынайы өмір мен нақты қажеттіліктерді түсінуден туындауы маңызды. Сонымен қатар тұрақты нәтижеге мемлекетпен серіктестіксіз қол жеткізу мүмкін емес. Облыстық және аудандық әкімдіктер жобалардың нақты қажеттіліктерге сай, тәжірибеде тиімді әрі тұрғындарға пайдалы болуына көмектеседі.
– Бүгінде ірі компанияның әлеуметтік жауапкершілігі қандай болуы керек және ТШО өңірдегі келесі қадамын қалай елестетеді?
– Бүгінде нысан салып немесе жабдық берумен ғана шектелу жеткіліксіз. Жоба ресми түрде аяқталғаннан кейін де жұмысын жалғастырып, дәрігерлерге, балаларға, ҮЕҰ-ға, аудандар мен отбасыларға нақты пайдасын тигізуі маңызды.
ТШО үшін Атырау облысы өндірістік қызметі жүргізілетін өңір ғана емес. Компаниямен бұл өлкені көпжылдық серіктестік пен ортақ даму тарихы байланыстырады.
Мұнда біздің қызметкерлеріміз, олардың отбасылары және бізбен көп жыл бойы серіктес болып, өңірдің дамуына ортақ үлес қосып келе жатқан мыңдаған адам тұрады.
Сондықтан біз үшін компанияның жетістігі мен өңірдің өркендеуі өзара тығыз байланысты. Өмір сапасы артқан сайын оның игілігін тұрғындар да, бизнес те, жалпы облыс та көреді.
Келесі қадам – әлеуметтік жобалардың тұрақтылығын одан әрі арттыру. Табысталған жабдықтың күнделікті пайдаланылуы, мектептер мен балабақшалардың бірнеше ұрпаққа қызмет етуі, үкіметтік емес ұйымдардың өз бастамаларын әрі қарай дамыта алуы және аудандардың күнделікті мәселелерді шешуге арналған тиімді құралдарға ие болуы маңызды.
Ең бастысы – сандардың тасасында адамды ұмыт қалдырмау. Егер жоба адамдарға өз болашағына сеніммен қарауға, өзін қауіпсіз сезінуге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға көмектесе алса, онда оның ұзақ мерзімді құндылығы бар деген сөз.
– Рақмет!