2 Қазан 2026, 09:21 Фото: 24.kz

Өмірден өткен белгілі журналист Индира Жылқайдарованың жарқын бейнесі ел жадында

Ол парламент мінберіндегі маңызды мәселелерді, қоғамдағы өзекті тақырыптарды талдап, көрерменге шынайы ақпарат жеткізді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі журналист Индира Орынбайқызы Жылқайдарованың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен туған-туыстарына, жақындары мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтады.

Индира Орынбайқызы 2015 жылдан бастап «Хабар» агенттігінде еңбек етіп, соңғы жылдары «Хабар» телеарнасының «Жеті күн» бағдарламасында редактор-талдаушы қызметін атқарды.

Ол парламенттік журналистикаға, қоғамдық-саяси мәселелер мен еліміздің заң шығару үдерісін ақпараттық тұрғыдан жария етуге айрықша ден қойды. Ел өміріндегі маңызды оқиғаларды терең талдап, өзекті мәселелерді көрерменге жедел әрі шынайы жеткізуге үлес қосты.

Индира Орынбайқызы өз ісіне адалдығымен әріптестерінің құрметіне бөленді. Оның журналистика саласындағы еңбегі кәсіби байқауларда да жоғары бағаланды.

Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардақты жанның жарқын бейнесі туған халқының жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта жай тауып, иманы саламат, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! - деп көңіл айтты министрлік.

BAQ.KZ редакциясы да Индира Орынбайқызының отбасы мен туған-туыстарына, жақындары мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтады.

Бұған дейін қазақстандық танымал тележүргізуші әрі журналист Индира Жылқайдарова өмірден өткені туралы қаралы хабарды тележүргізуші Санди Сұлтан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.