«Өмір жәрдемақысын» алуға өтініш беру туралы ақпарат жалған

Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ. Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде алаяқтар қазақстандықтарды «өмір жәрдемақысын» алуға өтініш беруге үндеп жүр. Ол үшін пайдаланушылар қорғалмаған сілтеме бойынша өтіп, сауалнамаға қатысуы тиіс. Stopfake.kz сайты бұл алаяқтық екенін хабарлады.

Қазіргі уақытта Қазнетте мазмұны ұқсас екі хабарлама тарап отыр. Олардың бірінде «өмір жәрдемақысы» түрінде 50 000 теңге алуға өтінім беруге үндеу жасалса, екіншісінде – бұл соманың «2022 жылға арналған көмекті қолдау қорынан» берілетіні айтылған. Бұл ретте екі таратылымда да қорғалмаған сауалнама парақшаларына апаратын сілтемелер көрсетілген.

Іс жүзінде Қазақстанда «өмір жәрдемақысы» деп аталатын мемлекеттік төлем де, «2022 жылға арналған көмекті қолдау қоры» да жоқ. Оларды бекіту туралы БАҚ-та да, мемлекеттік органдардың ресми ресурстарында да хабарланбаған, - деп жазылған ақпаратта.

Stopfake.kz сайты ондай жалған хабарламаларды алаяқтар адамдар туралы дербес деректерді алу үшін тарататынын жазды.

Хабарламалардың авторлары ұсынған сауалнамалар қорғалмаған сайттарда орналасқан және алаяқтар жасаған басқа сауалнамаларға ұқсайды. Сауалнамалар ұсынылған немесе басқа мазмұндағы ұқсас парақшалар фишинг деп аталады. Оларды жасаушылардың мақсаты – пайдаланушылар туралы дербес ақпаратқа қол жеткізу: төлем карталарының деректері, интернет-банкингтердің, ақылы және жеке аккаунттардың логиндері және т.б., - делінген хабарламада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы