«Омикрон» «дельта» штамынан да қауіпті, бақылауды күшейту қажет - Тоғжанов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов хабарлады. Оның айтуынша, жаңа «Омикрон» штамының анықталуы әлемдегі көптеген елдерді алаңдатып отыр.
Бірқатар Еуропа елдері, Сингапур, Израиль қатаң шектеу іс-шараларын қабылдап отыр. ДДСҰ алдын ала деректеріне сәйкес, жаңа штамм «Дельта» нұсқасынан да қауіпті және тез таралады. Сондықтан штамның еліміздің аумағына енуінің алдын алуға бағытталған іс-шараларды қолдауды сұраймыз. Ұсынылған шектеу іс-шаралары ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралып, мақұлданды. Сонымен қатар биыл маусымдық тұмау және ЖРВИ-дің таралу жиілігі 2019 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артып отыр. Осыны және әлемдегі жағдайды ескере отырып, барлық әкімдіктен санитарлық талаптардың орындалуына бақылауды күшейтуді сұраймыз, - деп атап өтті вице-премьер.
Сонымен қатар Ералы Тоғжанов сақтық шараларына тоқталды.
Біріншіден, қоғамдық орындарда әлеуметтік қашықтық пен маска режимі бойынша түсіндірме жұмыстарын арттыру қажет. Бұл ретте мониторинг топтардың жұмысын жандандыру қажет. Екіншіден, коронавирусқа қарсы вакцина және ревакцинация алуға шақыру бойынша ақпараттық жұмыстарын күшейту өте маңызды. Азаматтардың вакцина алуы үшін қолайлы жағдай қамтамасыз етілуі тиіс. Үшіншіден, әкімдіктер өңірдегі инфекцияның таралу деңгейіне күнделікті талдау жүргізіп отыруы қажет. Бұл үшін эпидемиологиялық ахуалды бақылау жөніндегі өңірлік штаб жұмыстарын күшейтуді сұраймыз, – деді вице-премьер.
Еске сала кетейік, бұған дейін Үкімет басшысы Тоғжановқа тапсырма берген болатын.