Omicron XBB штамына қатысты ақпарат жалған – министрлік
Ватсап мессенджердегі таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ХВВ нұсқасы – әлемнің көптеген елдерінде ұзақ уақыт айналымда болған Омикрон штамының нұсқаларының бірі. ХВВ нұсқасы алғаш рет 2022 жылдың қазан айында, Қазақстанда – 2023 жылдың ақпан айында анықталды. Бүгінгі таңда әлемнің 128 елінде анықталған.
Омикрон штамының ХВВ нұсқасы тудырған аурудың белгілері басқа нұсқалармен бірдей: бас ауруы, жөтел, мұрыннан су ағу, қызба, тамақ ауруы, әлсіздік. Бұл нұсқа өте жұқпалы (инфекциялық), бірақ пациенттердің көбі қатты ауырмайды.
Ауруды болдырмау үшін келесі алдын алу шараларын қолдану қажет:
- адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу;
- қол гигиенасын сақтау;
- салқындап қалмау;
- үй-жайларды жиі желдетіп, жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, ылғалды жинау жүргізу;
- халық көп жиналатын жерлерде маска тағу;
- тұмау, ЖРВИ, COVID-19 белгілері пайда болған кезде үйде болу және ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдар, мектептер) бармау;
- медициналық көмекке уақтылы жүгіну.