Омаров: АШМ саласында субсидиялау жеңілдетіліп, толық автоматтандырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында министрліктің 2020 жылы атқарған жұмысының нәтижелері туралы есеп берді. 

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту нәтижелерін көрсеткен министр коронавирус пандемиясына және әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, 2020 жылдың қорытындысы бойынша сала барлық макрокөрсеткіш бойынша өсімге қол жеткізгенін айтты. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 5,6%-ға артып, 6,3 трлн теңгеге жеткен.

Мұндай өсімге мемлекеттік аграрлық саясат индикаторларының жоспарлы түрде орындалуы, сондай-ақ жүйелі жұмыс пен өткен жылдың көктемінде дағдарысқа қарсы шұғыл шешімдердің дер кезінде қабылданғаны ықпал етті.


Өткен жылы дағдарысқа қарсы шараларды есептегенде, мемлекеттік қолдау көлемі 366 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл 2019 жылғы деңгейден 13%-ға артық. Атап айтқанда, субсидиялау барынша жеңілдетіліп, толық автоматтандырылды. Оның белгілі бір салаға ғана назар аудармай, бірыңғай тәсілді көздейтін механизмдері қайта қаралды. Сондай-ақ шағын және орта фермерлерді субсидиялауға қол жеткізу шегі өзгертілді, - деді министр.

Оның айтуынша, өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидия Бірыңғай ережелерге біріктіріліп, өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады. Басты жаңалықтардың бірі – субсидияларды бекітілген уақытта ғана емес, тұқымды, тыңайтқышты, пестицидтерді сатып алынған күннен бастап жыл он екі ай ала алатын мүмкіндік беріліп отыр.

Қаржы құралдарын жетілдіру аясында айналым қаражатын толықтыруға арналған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау нормативі 5%-дан 7%-ға дейін ұлғайтылды. Енді егін егу және егін жинау жұмыстарын жүргізу сыйақы мөлшерлемесінің 9%-ы субсидияланады.

Агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері үшін кепілдік базасы жетпеген жағдайда екінші деңгейдегі банктердің несиелеріне кепілдік беру механизмі қолжетімді болды. Несие сомасының 50%-на дейін және басым инвестициялық жобалар бойынша несие сомасының 85%-на дейін кепілдік беріледі. Өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығы саласында сақтандырудың жаңа жүйесі жұмыс істей бастады. Яғни, сақтандыру ерікті түрде жасалады. Сондай-ақ өсімдік шаруашылығы саласын ғана емес, басқа да салаларды сақтандыру механизмі енгізілді, - деп хабарлады Сапархан Омаров.

Отырыс соңында Қоғамдық кеңес мүшелері ұйымдастыру мәселелерін қарады. Атап айтқанда, төралқа құрамын, ережені және жылдық жұмыс жоспарын бекітті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы