Оман жағалауында мұнай танкеріне шабуыл жасалды
Адам шығыны бар.
Маршалл аралдарының туын көтерген MKD VYOM мұнай танкеріне Маскат провинциясы жағалауынан 52 теңіз милі қашықтықта дронмен шабуыл жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Times of Oman басылымының мәліметінше, шабуыл салдарынан кеме қозғалтқыш бөлімінде өрт шығып, жарылыс болған. Бір экипаж мүшесі қаза тапты, 21 адам эвакуацияланды.
Бұған дейін дәл осы аймақта, Мусандам түбегі маңында Палау туымен жүзген Skylight мұнай танкеріне де шабуыл жасалған. Төрт адам жарақат алып, 20 адамнан тұратын экипаж толық эвакуацияланған. АҚШ билігі Skylight кемесі Иранның «көлеңкелі флотының» құрамына кіреді деп есептейді.
Сонымен қатар Оман жағалауында тағы бір кеме зақымданғаны белгілі болды, алайда оның атауы жарияланған жоқ.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Ормуз бұғазынан тыс Парсы шығанағының ашық суларында кемінде 150 танкер зәкір тастап тұр, ал тағы ондаған кеме Араб теңізінде күтіп тұр.
Айта кетейік, бұған дейін Новороссийскідегі оқыс оқиғаға қатысты Энергетика министрлігі ресми мәлімдеме жасаған еді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Иран дрондары әлемдегі ең ірі мұнай зауытына соққы жасады.
Белгілі болғандай, Таяу Шығыстағы әскери әрекеттер мұнай нарықтарына елеулі қауіп төндіріп отыр. Баррель бағасына қатысты сарапшылар жаңа сценарийді атады.
Таяу Шығыстағы шиеленіс әлемдік қаржы нарығына бірден әсер етті. Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалына төнген қауіп инвесторларды алаңдатып, нарыққа геосаяси үстеме қосты.