Оман жағалауында екі кеме шабуылға ұшырады
Оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Оман жағалауында екі кемеге төрт белгісіз снаряд тиген. Бұл туралы Ұлыбританияның теңіз сауда операциялары басқармасы (UKMTO) хабарлады.
Мәліметке сәйкес, оқиға Оманның Хасаб қаласынан батысқа қарай шамамен төрт теңіз милі қашықтықта болған. Кеме капитандарының бірі төрт белгісіз снарядтың екі кемеге тигенін хабарлаған.
Соққыдан кейін кемелердің бірінде өрт шыққан. Екінші кеменің қазіргі жағдайы әзірге белгісіз. Ол оқиға болған жерден шамамен алты теңіз милі солтүстікке қарай орналасқан.
Оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жүргізіліп жатыр. UKMTO аймақтағы кемелерге сақтық шараларын күшейтіп, кез келген күдікті әрекет туралы хабарлауға кеңес берді.
Бұған дейін аймақтағы шиеленістің күшеюіне байланысты Ормуз бұғазы мен оған жақын теңіз жолдарындағы қауіпсіздік мәселесі өзекті бола түскен.