Бүгiн 2026, 18:49 Фото: https://nu.edu.kz/

Олжас Бектеновке NU мен НЗМ-ның инновациялық жобалары таныстырылды

Премьер-министр Олжас Бектенов NU, НЗМ Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысын өткізіп, инновациялық жобалармен танысты.

Премьер-министр Олжас Бектенов NU, НЗМ және «Назарбаев Қоры» Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысын өткізді.

Отырыста NU-дың 2026–2031 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясының жобасы талқыланды.

Стратегия университеттің еліміздің жетекші зерттеу және инновациялық орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бағытталған. Құжат бес негізгі бағытты қамтиды: жоғары білім беруді реформалау, академиялық және ғылыми көшбасшылық, денсаулық сақтаудың академиялық жүйесін дамыту, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді өндіріске трансферттеу. Өткен жылы университет жаһандық академиялық кеңістіктегі позициясын айтарлықтай нығайтты. Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингінде Nazarbayev University шамамен 100 орынға көтеріліп, қазіргі таңда әлемнің үздік 401–500 университеті қатарына кірді, - деп хабарлады NU баспасөз қызметі. 

Отырыста сондай-ақ НЗМ-нің 2025 жылға арналған даму стратегиясын іске асыру жөніндегі есеп бекітілді.

Мектептердің тұрақты академиялық нәтижелер көрсетіп отырғаны атап өтілді: оқушылар ұлттық және халықаралық олимпиадалар мен робототехника жарыстарында тұрақты түрде көш бастап келеді, ал педагогтер кәсіби байқауларда жоғары нәтижелер көрсетуде. Сонымен қатар НЗМ халықаралық деңгейде кеңінен мойындалып, білім беру қызметтерінің экспортын және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Бұл Қазақстанды озық білім беру тәжірибелерінің орталығы ретінде ілгерілетуге ықпал етеді, - делінген хабарламада.

Премьер-министр NU Өnergy креативті хабына бару кезінде жасанды интеллект, білім беру, медицина, биотехнология, ауыл шаруашылығы, спорттық технологиялар және мәдени мұраны сақтау салаларындағы озық ғылыми әзірлемелермен, стартаптармен және жоғары технологиялық жобалармен танысты.

Үкімет басшысына жаңа перспективалы ғылыми жобалар таныстырылып, бұған дейін Премьер-министрге ұсынылған жобалардың даму динамикасына да назар аударылды.