Олжас Бектенов: Жұмыссыздықпен күреске инвесторлар да атсалысуы қажет

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов еңбек нарығын дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай 3,3 миллион адамды, оның ішінде 2,3 миллион жасты жұмыспен қамту бойынша нақты бағыт-бағдар айқындап берген.

Халықты жұмыспен қамту мәселесін кешенді түрде шешу үшін қазіргі таңда еңбек нарығын трансформациялау жүріп жатыр. Мамандықтар мазмұны жағынан өзгеріске ұшырауда. Экономикадағы құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде бұрыннан қалыптасқан бірқатар кәсіптер жойылып, жаңалары пайда болуда, – дейді Үкімет басшысы.

Ол Жұмысшы мамандықтарының жылын жариялау – еңбек адамының абырой-беделін арттыруға берілген мүмкіндік екенін атап өтті.

Олар заманауи талаптарға сай болуға тиіс. Бүгінде елімізде ауқымды логистикалық және энергетикалық жобалар іске қосылып жатыр. Түрлі салаларда цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Бұл кешенді шаралар жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, – деді Премьер-министр.

Олжас Бектеновтің айтуынша, еңбек нарығындағы өзгерістерді бақылап отыру үшін тиісті мониторинг қажет. Бұл мақсатта арнайы ақпараттық жүйе әзірленген.

Инновациялық жобалар навигаторы арқылы жаңа жұмыс орындарының саны, олардың еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкестігі және жұмыс берушілердің жұмыспен қамту жоспарларының орындалуы бақыланады, – деді ол.

Сонымен қатар Үкімет басшысы шетелдік және отандық инвесторлардың жұмыс орындарын құрудағы міндеттемелерін орындауына жауапкершілікті күшейту керегін айтады. Инвестиция көлемінің кемі 30%-ын құрайтын еңбекақы төлеу қорын қалыптастыру талабы сақталуы қажет.

Навигаторда салалар бойынша ірі инвестициялық жобалар ғана көрініс тапқан. Жаңа жұмыс орындарына нақты уақыт режимінде толық әрі жүйелі түрде мониторинг жүргізу үшін бірыңғай ақпараттық жүйе қажет. Ол жобалар туралы барлық ақпаратты – біліктілік деңгейі, еңбек жағдайы, жалақы мөлшері және басқа да деректерді қамтуы тиіс, – деді Бектенов.

Премьер-министр уақытша жұмыспен қамтудың тиімділігі төмен екенін айтып, тұрақты жұмыс орындарының үлесін арттыру қажет екенін ескертті.

Әсіресе, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға баса назар аудару керек. Аталған мәселелерді кешенді түрде шешуге бағытталған шаралар еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасында көзделген, – деді ол.

Үкімет басшысы үш бағытта нақты тапсырма берді:

Бірінші. Еңбек министрлігі облыс әкімдерімен бірге өңірлік жұмыспен қамту карталарындағы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуі керек. Әкімдер тұрақты жұмыс орындарын құру жоспарын жеке бақылауға алады.

Екінші. Ұлттық экономика министрлігі салалық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 2025–2027 жылдары іске асырылатын жобалар туралы барлық деректі 1 қыркүйекке дейін мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесінде орналастыруға тиіс. 2026 жылдан бастап аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесіне халықты жұмыспен қамту көрсеткіштері енгізіледі.

Үшінші. Цифрлық даму министрлігі жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен бизнестің деректерін біріктіріп, жаңа жұмыс орындарын құруға арналған бірыңғай цифрлық жүйе әзірлеуі керек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы