Олжас Бектенов сұйытылған мұнай газын бақылауды тапсырды

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет басшысы атап өткендей, отынның бұл түрі мұнай-газ химиясы үшін құнды әрі тапшы шикізат. Бектеновтың айтуынша, Қазақстанда сұйытылған газды автомобиль отыны ретінде пайдалану көлемі артып келеді.

Қазақстанда оның бөлшек саудадағы бағасы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және алыс шет елдермен салыстырғанда шамамен 2 есе төмен. Ал бағаның төмен болуы ірі көлемде сұйытылған газдың шектес елдерге заңсыз шығарылуына әкеп соқты. Мен бұған дейін тиісті мемлекеттік органдарға сұйытылған газдың «көлеңкелі» экспортын, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікті белгілеу арқылы жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырдым, - деді ол.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректеріне сәйкес, сұйытылған мұнай газын шетелдерге заңсыз шығарудың 14 фактісінің жолы кесілді.

Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, тұтыну көлемі негізсіз құбылып отырған Атырау және Абай облыстары мен бірқатар шекаралас өңірлердегі жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырамын, - деді Олжас Бектенов отырыста.

Сондай-ақ премьер-министр әкімдерге еліміздегі газ саласындағы проблемаларды дереу шешуді тапсырған еді. Энергетика министрі газдың бағасына қатысты ведомствоның жоспарын айтқан еді. 2030 жылға дейін елімізде 4 газ өңдеу зауыты ашылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: primeminister.kz
Өзгелердің жаңалығы