Олжас Бектенов: Отандық өндірушіні қолдау бағдарламасын әзірлеп жатырмыз

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарға барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазіргі уақытта Үкімет отандық өндірушілерді толық қуатына шығару үшін қажетті жағдайлар жасауға күш салуда. Бұл қазақстандық өндірістің дамуына елеулі серпін беріп, импорттың үлесін төмендетеді, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Олжас Бектенов елімізде 60 жылдан бері ТЖМ қызметтері мен коммуналдық кәсіпорындарды арнайы техникамен қамтамасыз етіп келе жатқан ірі компаниялардың бірі – «Оралагрореммаш» АҚ-ға барды. Өткен жылы мұнда 120-дан астам арнайы техника және 115 тіркеме шығарылды. Бұл ретте кәсіпорынның өндірістік жүктемесі 20%-дан аспайды.

Премьер-Министр шығарылатын өнім үлгілерімен танысты. Өндірілетін өртке қарсы техниканы тексеру кезінде Үкімет басшысы көп қабатты тұрғын үйлер деңгейінде құтқару жұмыстарын жүргізу үшін өрт сөндіру сатырларын өндіру қажеттігін атап өтті.

Бірқатар салалық министрліктерге отандық компаниялармен өзара іс-қимылды арттыру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды. Өз кезегінде кәсіпорындар өндіріс желісін жаңарту және кеңейту процесін жалғастыруы керек. Машина жасауды дамыту әрдайым ірі бөлшектерді құрастырудан басталып, одан әрі шағын құрамдас бөлшектерді өз бетінше шығаруға көшетіні атап өтілді.

Мемлекет өңдеу секторын дамытуға басты назар аударады. Кәсіпорында барлығы толық қуатында жұмыс істеуі керек. Біз қазір отандық өндірушіні қолдау бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Сатып алуда локализациясы жоғары кәсіпорандарға басымдық беру керек, — деді Олжас Бектенов.

Атыс және зеңбірек қару-жарағын өндіруге маманданған бірегей кәсіпорын – «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да Премьер-Министр Олжас Бектенов шығарылатын жоғары сапалы қорғаныс өнімдеріне әлемдік нарықта сұраныс жоғары екеніне баса назар аударды. Сондай-ақ ол компания жүктемесінің 60% деңгейінде екенін ескере отырып, аралас өндірістерді құру қажеттігін атап өтті.

Әрі қарай Премьер-Министр қаңылтыр, полиэтилен және полипропилен құбырларын, халық тұтынатын пластмассадан жасалған тауарларды өндіретін кәсіпорын – «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Зауыттың жылдық қуаты 37,5 мың тонна полиэтилен бұйымын шығаруға жеткілікті бола тұра, былтыр жүктеме 20%-ды құраған. Шығарылатын өнім жаңартуды және жаңғыртуды қажет ететін газбен, сумен жабдықтау, телекоммуникация жүйелеріне арналғанын атап өткен жөн.

Оған қоса өңірде Үкімет басшысы қуаты жылына 5 млн полипропилен қапшығын (бигбэгтер) шығаратын «Packaging Systems» кәсіпорнына барды. Жоба өткен жылдың күзінде аймаққа шетелдік компанияларды орналастыру аясында пайдалануға берілді. Өндірілетін бигбэгтер қазіргі уақытта Қазақстанда пайдаланылады, сондай-ақ ЕАЭО және ЕО елдеріне экспортталады.

Инвестиция тарту үшін барынша күш салуымыз керек. Отандық немесе шетелдік инвесторлар болсын – олар біздің экономикамыз үшін маңызды. Сондықтан біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек, — деді О. Бектенов.

Өнеркәсіп нысандарын аралау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы өнеркәсіптің қарқынды өсуін және экономиканы индустрияландыруды қамтамасыз ету үшін қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету шараларын күшейтуді тапсырды.

Мемлекет басшысының экономиканың 6%-ға өсуін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 2024 жылы Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін 2023 жылдан 5% деңгейінде ұлғайту жоспарланып отыр. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде 1,2 трлн теңгеге 15 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 180-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкімет баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы