Бүгiн 2026, 13:46 Фото: Үкімет

Олжас Бектенов әкімдіктердің жұмысын сынға алды

Құрылыс маусымы басталып кетті, бірақ бірқатар жүйелі мәселелер әлі күнге дейін шешілген жоқ.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында әкімдіктер тарапынан белсенділіктің төмен екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ол биылғы жылы құрылыс саласында тұрақты қарқынды қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды.

Құрылыс маусымы басталып кетті, бірақ бірқатар жүйелі мәселелер әлі күнге дейін шешілген жоқ. Бұл ең алдымен, жалдамалы тұрғын үйді қаржыландыру есебінен құрылысты ынталандыруға және жаңа құрылыс аудандарына инженерлік инфрақұрылымды уақтылы тартуға қатысты. Іс жүзінде біз әкімдіктердің белсенділігі төмен екенін және жобаларды іске қосу бойынша проактивті жұмыстың жоқтығын көріп отырмыз, - деді Бектенов.

Үкімет басшысы тұрғын үйді пайдалануға беру үшін 516 млрд теңге қажеттілік жарияланғанымен, өңірлер тек 249 млрд теңгеге ғана сұранысты растағанын айтты. Бұл қажетті деңгейден екі есеге жуық төмен екенін атап өтті.

Егер жақын арада әкімдіктер шешім қабылдамаса, тұрғын үйді іске қосу бойынша артта қалушылық орын алады. Осыған байланысты Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне бір апта мерзімде жергілікті бюджеттерге пайыздық мөлшерлемені өтеуді, облигациялар бойынша негізгі қарызды жабуды қамтамасыз ететін нақты механизмдерді әзірлеуді, сондай-ақ өңірлердің аталған құралдарға қатысуы үшін ашық жағдай жасауды тапсырамын. Нақты параметрлері мен қаржыландыру көздері белгіленген дайын шешімдер қажет, - деді Бектенов.

Бұған дейін Олжас Бектенов инфляцияны тежеу шараларын күшейтуді тапсырған болатын.