Олимпиада: Қазақстандық спортшылар Парижге барды

Қазақстандық спортшылардың алғашқы легі Олимпиада ойындарына қатысу үшін Парижге жетті. Олардың қатарында 25 шілде жарысты бастайтын садақ ату шеберлері бар, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі спортты дамыту дирекциясы.

Қазіргі күні көптеген елдің спортшылары олимпиадаға қатысу үшін Парижді бетке алды.

Алғаш болып жарысты бастайтын садақ атушылар. Олар Парижге жетті, орналасты. Спортшылар қатарында Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай бар. Ерлер құрамасы 25 шілдеде іріктеуге қатысады, - дейді спортты дамыту дирекциясы.

Одан кейін жарыс дзюдодан болады.

Дзюдошылар да Францияның басқа қаласына жетті. Ол жерде бірнеше күн оқу-жаттығу өткен соң Парижге барады. Олимпиаданы бастайтын тағы бір спорт түрі -нысана көздеу. Бұл спорт түрі Парижден 40-50 шақырым жерде орналасқан Шатору қаласында өтеді. Бірнеше күннен кейін біздің құрама Парижге жолға шығады, - дейді дирекциядағылар.

Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, Олимпиада ауылы Париждің солтүстік жағында орналасқан, аумағы 52 гектарды құрайды. Инфрақұрылымда қажеттінің бәрі бар: 40 тұрғын үй, жаттығу корпустары, емхана, асхана және басқа да нысандар. Атлеттердің көңіл көтеруіне арналған клубтар да бар.

Команда үздіктерінің бірі Ильфат Абдуллин кішігірім репортаж жасап, қазақстандық олимпиадашылардың қалай өмір сүретінін көрсетті.

Біз бүгін таңертең жайғастық. Тек таңғы ас ішіп үлгердік. Біздің команда Қазақстан құрамасы сапынан алғаш боп орналасты. Енді қалған спортшыларымызды қарсы аламыз. Жағдай жақсы, олимпиада атмосферасы керемет сезіледі. Бәрі әдемі әрі жайлы. Асхана жайлы толық ештеңе айта алмаймын. Әзірге, мәзірмен толық таныспадық. Мұнда бәрі бар деп ойлаймын. Одан бөлек, қосымша тамақтану орындары, кофеханалар бар, - дейді Абдуллин.

Олимпиадалық ауылда 14,5 мыңдай адам тұрады. Оның ішінде тоғыз мың спортшы бар. Қазақстан командасы спорттың 25 түрінен 80 спортшыны жарысқа қосады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорда
Өзгелердің жаңалығы