23 Қыркүйек 2026, 15:31 Фото: Сали Сабиров

Олимпиада чемпионын қапы қалдырды: Артём Саркисян Азия ойындарында тарихи медаль алды

Қазақстандық қылыштасушы шешуші сәтте 8:14 есебімен ұтылып жатып, камбэк жасады. Бұл – Қазақстан үшін осы додадағы тарихи жүлде.

Қазақстандық қылыштасушы Артём Саркисян Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Жекелей сында ол жарыстың үздік төрт спортшысының қатарына еніп, Қазақстанға Азия ойындарының ерлер арасындағы қылыштасудан жекелей сындағы тарихтағы алғашқы жүлдесін әкелді.

Ұлттық семсерлесу федерациясының мәліметінше, Саркисян топтық кезеңді сенімді өткізіп, бес жекпе-жектің төртеуінде жеңіске жетті. Бұл нәтиже оған жарыс рейтингінде бесінші орынға көтеріліп, плей-оффтың келесі кезеңіне автоматты түрде өтуге мүмкіндік берді.

Үздік сегіздікке жолдама беретін кездесуде Артём Үндістан өкілі Гишо Нидхи Кумаресана Падманы 15:11 есебімен жеңді.

Фото: Сали Сабиров

Ширек финалда Саркисян Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы, қазіргі әлем чемпионы, оңтүстіккореялық До Гёндонмен кездесті. Жекпе-жек барысында Артём қайсар мінез танытып, кездесудің барысын өзгерте алды және 15:14 есебімен жеңісті жұлып алды.

Финалға шығу үшін өткен жартылай финалдық кездесуде Саркисян Оңтүстік Кореяның үш дүркін Олимпиада чемпионы О Сан Укпен кездесті. Жекпе-жек кореялық спортшының пайдасына 9:15 есебімен аяқталды. Нәтижесінде Артём Саркисян Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Артём Саркисянның бұл жүлдесі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Азия ойындарының ерлер арасындағы қылыштасудан жекелей сындағы алғашқы медалі болды.

Көңіл күйім жақсы, жалпы нәтижеге көңілім толады. Дегенмен бүгін бұдан да жоғары нәтиже көрсете алар едім деген ой бар. Қазақстандық қылыштасу үшін бұл – маңызды нәтиже. Бұған дейін Азия ойындарының жекелей сынында бізде медаль болған жоқ. Бірақ мен ешқашан медаль туралы алдын ала ойлап, өзіме артық үміт артпауға тырысамын. Менің міндетім – әр жекпе-жекке, әр әдіске назар аударып, бапкерлердің нұсқауларын тыңдау.

Бүгінгі ең қиыны – жекпе-жек барысында өз әрекеттерімді түзетіп отыру болды. Шабуылда да, орта тұста да, қорғаныста да ескеретін тұстар болды. Бапкерді тыңдап, оның нұсқауларын орындауға тырыстым. Кейде бірден бейімделе алдым, кейде жекпе-жектің екінші жартысында ғана өзгеріс енгізу мүмкін болды. Әрине, әрқашан бұдан да жоғары нәтиже көрсеткің келеді. Сондықтан бұл жарысты талдап, әрі қарай жұмысымызды жалғастырамыз, - деді Артём Саркисян.

Қазақстан құрамасының фехтование бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы Тимур Байтасов бұл нәтиженің қазақстандық ерлер қылыштасуы үшін маңызын атап өтіп, Артём Саркисянның жүлде үшін шешуші кездесуде көрсеткен мінезіне ерекше тоқталды.

Бұл – ерлер қылыштасуы үшін тарихи нәтиже. Тәуелсіз Қазақстан тарихында Азия ойындарының жекелей сынындағы алғашқы медаль. Артёмның Олимпиада чемпионына қарсы жүлде үшін шешуші жекпе-жегін ерекше атап өткім келеді. 8:14 есебімен жеңіліп жатып, ол берілмеді және кездесуді 15:14 есебімен өз пайдасына аяқтай алды. Осындай деңгейдегі қарсыласқа қарсы мұндай камбэк жасау – үлкен жетістік. Бұл жекпе-жек Артёмның мінезін, жеңіске деген жігерін және соңына дейін нәтиже үшін күресуге дайын екенін көрсетті, - деді Тимур Байтасов.

Артём Саркисян Қазақстан құрамасы сапында бұған дейін де бірқатар ірі халықаралық нәтижелерге қол жеткізген. 2022 жылы ол Азия чемпионатының жекелей сынында қола жүлде иеленді. 2023 жылы Италияның Падуя қаласында өткен Әлем кубогында күміс жүлдегер атанды, сондай-ақ Ханчжоудағы Азия ойындарының командалық сынында қола медаль жеңіп алды.

Бұл нәтиже қазақстандық фехтованиені дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы болды. Жуырда ерлер арасындағы қылыштасудан ұлттық құраманың дайындығына француз жаттықтырушы-кеңесшісі Арно Шнайдер қосылып, бапкерлер штабының жұмысын және спортшылардың даярлығын күшейтті.

Қазақстандық фехтование шеберлерінің жетістіктері Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан фехтование федерациясының «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және «Sport Qory» Спортты қолдау қорының қолдауымен жүргізіп отырған бірлескен жүйелі жұмысының нәтижесі болып табылады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Аичи – Нагояда (Жапония) өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында екінші алтын медалін жеңіп алды. Спортшы Азия ойындарында бесінші алтынын жеңіп, спорттағы жолын аяқтайтынын мәлімдеді.