Олимпиада чемпионы Қазақстанның фристайл-акробатика құрамасына кеңесші болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің штаб-пәтерінде фристайл-акробатика спортынан ұлттық құраманың жаңа кеңесші-жаттықтырушысы таныстырылды.

Енді ұлттық құраманы 35 жастағы беларусь маманы, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының чемпионы Антон Кушнир жаттықтырады. Қазақстан ҰОК бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков жаңа бапкердің тәжірбиесі мен спортшы ретіндегі табысты мансабы тек отандық спортшыларға ғана емес, еліміздегі жас жаттықтырушыларға да пайдасын тигізеді деп атап өтті.



«Неліктен осындай танымал спортшыны шақырдық? Антон әлемде алғаш болып, ең қиын секіру жаттығуларының бірін орындаған. Сочи Олимпиадасында 135 ұпай жинап, 5 коэффицентке ие болды. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан фристайлының өз дәстүрі бар. Могулдан еліміздің тарихында алғашқы әлем чемпионы және Олимпиада жүлдегері шықты – Юлия Галышева. Біздің фристайл-акробатика командамыз өте жақсы. Жанбота Алдабергенова былтырғы маусымды тоғызыншы орынмен аяқтады. Сондықтан құраманың деңгейін көтеріп, нәтижесін жақсарту үшін – Антон Кушнирді шақырды. Ол спортшыларды Пекин Олимпиадасына дайындауға көмектеседі. Антон келісті, біз оның идеясын қолдадық. Жаттықтырушы-кеңесшілер Қазақстанның әр түрлі спорт түрлерінде бар. Енді,міне, мұндай маман фристайл-акротабикаға да қажет болды. Бұл спорт түрінен де Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатынан да жүлде алатын кез келген тәрізді», - деді Сәкен Мұсайбеков. 

Антон Кушнирдің спорттық мансабында Олимпиада алтынынан басқа әлем кубогы да (2009/2010) бар. Сондай-ақ ол әлем кубогының (2007/2008) және әлем чемпионатының (2011) қола жүлдегері атанған. Айта кетерлігі, ол Олимпиада ойындарында шаңғы акробатикасындағы ең қиын жаттығуды орындаған. Қиындығы 5,0 коэфицентті бес пируэтпен үш есе секіріп, 134,5 ұпайын еншілеген. Бұл нәтиже Олимпиадада бір секіруде жиналған ең жоғары ұпай болды.



«Шілде айында мен өзімнің спорттық мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. 27 жылымды кәсіби спортқа арнадым. Енді, өз тәжірибемді спортшылармен бөлісуді мақсат етіп отырмын. Жалпы, бапкерлер құрамына, жаттықтырушыларға спортшыларды дайындауға көмектесуге дайын екенімді байқадым. Сондықтан мен Қазақстан құрамасының ұсынысын қабылдап, бірге жұмыс істеуге қуана келістім. Басты міндетім – спортшылардың нәтижесін жақсарту, сонымен қатар жаттықтырушыларға кеңес беру. Жұмыс барысында Геннадий Намереков (бас бапкер) сынды бас бапкерден менің де үйренерім көп деп ойлаймын. Маған сенім артқан Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетіне алғыс білдіремін. Енді сенім сенімді ақтау үшін барымды салатын боламын», - дейді Антон Кушнир.

Антон Кушнир Украинада дүниеге келген, алайда спортта Беларусь елінің намысын қорғап, туын желбіреткен. Төрт Олимпиадаға қатысқан ол бүгінде спортшы ретінде мансабын аяқтап отыр. Жаттықтырушы ретінде қызметін Қазақстан ұлттық құрамасынан бастайды.

«Қазақстанның фристайл командасы өте мықты. Болашақта жоғары нәтиже көрсете алатын жас спортшылар да бар. Сол үшін барлық күшті салатын боламыз. Акробатикада тағы командалық спорт түрі пайда болды. Бұл бізге халықаралық ареналарда қосымша тағы бір медаль алуға мүмкіндік береді», - дейді беларусь маманы. 



Айта кетейік, акробаттардың маусымы 21 желтоқсанда Қытайда өтетін әлем кубогының бірінші кезеңінен басталады. Жаңа маусымда Қазақстан құрамасында команда көшбасшысы Жанбота Алдабергеновамен бірге 6 спортшы бар. Былтырғы маусымда Жанбота Универсиадада үшінші орын алып, 2019 жылғы әлем біріншілігінде тоғызыншы орыннан көрінген болатын.

Фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасының тізімі: Ақмаржан Қалмұрзаева, Іңкәрбек Бағлан, Елдар Бадрутдинов, Роман Иванов, Аяна Жолдас, Маржан Ақжігіт. Сондай-ақ, қазақстандық акробат Жібек Арапбаева жаңа маусымнан бастап фристайл-акробатикадан құраманың аға жаттықтырушысы қызметін атқарады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы