Олимпиада чемпиондары ЮНЕСКО-ның дене тәрбиесі бойынша семинарына қатысты
Алматы қаласында Қазақстандағы сапалы дене тәрбиесі тақырыбына арналған семинар өтті. Іс-шараны ЮНЕСКО Ұлттық Олимпиада комитетінің қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Алматы семинар өткізілген алтыншы қала болды. Бұған дейін мұндай оқыту шаралары Орал, Қостанай, Астана, Түркістан және Ақтөбе қалаларында өтті.
Бағдарламаның мақсаты – дене шынықтыру мұғалімдері, спорт қызметкерлері, сондай-ақ білім, денсаулық сақтау және бұқаралық ақпарат құралдары саласының мамандары арасында кәсіби стандарттарды арттыру.
Одан бөлек, оқыту бағдарламасының бір бөлігі ретінде жастардың қазақстандық танымал спортшылармен кездесулері өткізіледі. Алматыда өткен шарада жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин және спорттық гимнастикадан Париж ойындарының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов қатысты.
Бұл семинар “Қазақстанда сапалы дене тәрбиесін дамыту” жобасы аясында өткені мәлім. Жоба 2023 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен ЮНЕСКО арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес бастау алды. Жоба дене тәрбиесінің сапалы стандарттарын ілгерілетуге бағытталған және бұл қадам ұлт-денсаулығын нығайту мен жастар арасында дене мәдениетін дамыту үшін маңызды.
Іс-шараны ұйымдастырушылар – Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның аймақтық кеңсесі, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің жанындағы Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығы, Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы қолдауымен Қазақстанның ЮНЕСКО клубтары ұлттық федерациясы ұйымдастырды.