Өлімнен кейінгі донорлық. Қанша павлодарлық донорлық ағзаға зәру

Ертіс өңірі өлімнен кейінгі донорлық бойынша республикада көшбасшы. Ресми мәлімет бойынша қазіргі уақытта 220 павлодарлық донорлық ағзаға зәру, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кезекте тұрған науқастардың басым бөлігіне бүйрек трансплантологиясы қажет.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы трансплантология және жоғары технологиялық қызметтерді үйлестіру орталығының директоры Айдар Ситқазиновтың айтуынша, Павлодар облысында соңғы сегіз жылда 14 өлімнен кейінгі донор тіркелген. Олар күту парағында тұрған 70 қазақстандықтың өмірін сақтап қалды.

Биыл бес донор тіркелді. Олардың ағзалары 19 азаматтың өміріне араша болды. Ал өткен жылы жеті өлімнен кейінгі донордың органдары трансплантацияланды. Елімізде жүрек, бүйрек, бауыр, өкпені трасплантациялауға болады. Қазіргі уақытта отандық медицинада көздің нұрлы қабығына ота жасау бағыты дамып жатыр. Павлодар облысында органдарды алу бойынша үш медициналық мекеме бар. Бір өлімнен кейінгі донор орташа есеппен жеті адамның өмірін сақтап қала алады. Кем дегенде бес органын ала аламыз. Дегенмен, бірінші кезекте көз жұмған адамның туыстарының рұқсаты қажет. Жалпы, трансплантация бойынша кешенді үрдісті атқаруға 60-қа жуық маман қатысады, - дейді Айдар Ситказинов.

Мамандардың айтуынша, операциядан соң алғашқы бес жыл ішінде ағзалардың 60-70%-ы бейімделеді. 2012 жылы елімізде алғаш рет жүрек трансплантациясы жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда науқас аман-cау, толыққанды өмір сүріп жатыр.

Айта кетейік, Қазақстанда төрт мыңнан астам адам ағза трансплантациясы кезегінде тұр. Олардың жүзден астамы - кішкентай науқас.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы