Өлім-жітімі жоғары Нипах вирусы: Азия елдері әуежай тексерісін күшейтті
Үндістанның Батыс Бенгалия штатында өлім-жітімі жоғары Нипах вирусының таралуына байланысты Азияның бірқатар елінде әуежайлардағы санитарлық бақылау күшейтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Таиланд Батыс Бенгалиядан келетін рейстерді қабылдайтын Бангкок пен Пхукеттегі үш халықаралық әуежайда жолаушыларды тексере бастады. Ал Непал Катманду әуежайында және Үндістанмен шекарадағы құрлықтық өткізу бекеттерінде санитарлық бақылауды енгізді.
Жергілікті биліктің мәліметінше, ай басынан бері Батыс Бенгалияда кемінде бес медицина қызметкері Нипах вирусын жұқтырған. Олардың біреуі ауыр халде жатыр. Науқастармен байланыста болған шамамен 110 адам карантинге алынған.
Нипах вирусы жануарлардан адамға, сондай-ақ адамнан адамға жұғуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл вирусты COVID-19 және Зикамен қатар, эпидемия тарату қаупі жоғары аса қауіпті аурулардың қатарына енгізген. Вирустың өлім-жітім көрсеткіші 40-75 пайызға дейін жетеді, ал оған қарсы вакцина мен арнайы ем-дәрі әзірге жоқ.
Аурудың алғашқы белгілеріне қызу көтерілуі, бас пен бұлшық еттің ауыруы, құсу, тамақ ауруы жатады. Ауыр жағдайда энцефалит дамып, науқастың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Инкубациялық кезеңі 4 күннен 14 күнге дейін созылады.
Қазіргі уақытта Үндістаннан тыс елдерде вирус жұқтырғандар тіркелмеген. Дегенмен Таиланд, Непал және Тайвань билігі алдын алу шараларын күшейтіп отыр. Тайваньда Нипах вирусын қоғамдық денсаулыққа елеулі қауіп төндіретін «5-санаттағы аурулар» тізіміне енгізу ұсынылды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан аумағында Нипах вирусын жұқтыру деректері де, оны елге сырттан әкелу фактілері де анықталған жоқ.
Үндістанда Нипах вирусына байланысты ауру жағдайлары тіркелуіне орай Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал жіті бақылауға алынды. Инфекцияның ел аумағына әкелінуіне және таралуына жол бермеу үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін барлық өткізу пункттерінде күшейтілген санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр.