Олигархтар бюджеттен әділетсіз түрде табыс тауып отыр

Еліміздегі квазимемлекеттік кәсіпорындар бюджетке аз үлес қосады, себебі олардың салық саясаты мен табыс құрылымы әділетсіз құрылған. Экономист Сапарбай Жұбаев бұл жүйенің шикілігін ашық айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Олигархтар мен квазимемлекеттік кәсіпорын басшыларының жеке табыс салығы небәрі - 10% . Егер компания табысын көрсетсе, ол 20% салық төлеуге тиіс. Осыған байланысты басшылар өздеріне жоғары жалақы жазып, 10% салық төлеуді жөн көреді. Ал компания табысын азайтып көрсету арқылы жоғары салықтан жалтарады”, – дейді экономист.

Сарапшы мұндай тәсілдің салдары ауыр екенін жеткізді.

2024 жылы республикалық бюджетке түсуі тиіс салық көлемі 16 трлн теңге болуы керек еді, алайда тек 12,5-13 трлн теңге ғана түскен. Демек, 3 трлн теңге салықтан жалтарудың кесірінен “жоғалған”. Бұл – елдегі салықтық мүмкіндіктерді биліктегі олигархтардың өз пайдасына жаратып отырғанының айқын дәлелі, - дейді Жұбаев.

Квазимемлекеттік компаниялар және дивиденд төлеу мәселесі

Мемлекеттік кәсіпорындар дивиденд төлеу жағынан да тиімсіз. Жобаевтың айтуынша, олардың басшылары өздеріне жоғары жалақы белгілеп, компанияның табысын төмен көрсетеді. Бұл пайда аз болып есептелуіне және бюджетке дивиденд түспеуіне әкеледі.

Директорлар кеңесі дивиденд төлемеу үшін түрлі сылтаулар табады: компанияны кеңейту, модернизациялау, реконструкция жасау деген себептермен пайданы қайтадан өздеріне қалдырады. Нәтижесінде, бюджетке түсуі тиіс қаражат өте аз болады, – дейді экономист.

Бір қарағанда, “Самұрық-Қазына” қоры дивиденд төлеп жатқандай көрінеді. Мысалы, 2023 жылы “Самұрық-Қазына” 500 млрд теңге дивиденд төледік деп мәлімдеді. Бірақ бұл қаражат шынайы пайдадан емес, “ҚазМұнайГаз” акциясын Ұлттық қорға сату арқылы алынған. Яғни, бір мекеменің ақшасы екінші мекемеге аударылып, бұл “дивиденд” деп көрсетілді. Бұл – “өзіңді өзің алдау” ғана.

Не істеу керек?

Экономисттің пікірінше, квазимемлекеттік компаниялар шынайы акционерлер арқылы басқарылса, дивиденд төлеудің әділетті жүйесі қалыптасар еді. Халықаралық тәжірибеде акционерлер жиналысында шешім қабылданып, пайданың бір бөлігі дивидендке, қалғаны компанияны дамытуға бөлінеді.

Ал бізде квазимемлекеттік кәсіпорындар мемлекеттің қолында болғандықтан, олар көбіне дивиденд төлемей, өздеріне тиімді шешімдер қабылдайды. Соның салдарынан бюджетке түсуі тиіс қаражат азайып, әділетсіздік орын алады, – дейді Жобаев.

Осы мәселелерді шешудің бірден-бір жолы – квазимемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру. Себебі мемлекеттің иелігіндегі компаниялар пайда табу емес, көлеңкелі схемаларды заңдастыру құралына айналып кеткен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ facebook.com/saparbay.zhubayev
Өзгелердің жаңалығы