Өлі табылған 3 жасар Максимнің денесіне жасалған сараптама қорытындысы шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі Игентай Сопыжановтың ұрлап кетіп, өлтірген 3 жасар баланың өлімін тергеу барысында анықталған жайттармен бөлісті.

Бұған дейін 5 қыркүйекте Шет ауданы полициясының кезекші бөліміне Бұрма ауылының 22 жастағы тұрғыны хабарласты. Ол дүкеннің жанында тұрғанда 23 жастағы танысымен сөзге келіп қалып, ол оның қолынан кішкентай ұлын жұлып алып, белгісіз бағытта қашып кеткендігіі туралы айтты. 

Ұрланған баланы табу үшін ауқымды іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды. 8 қыркүйек күні сағат 10:00  шамасында Шет ауданындағы Бұрма ауылының шетіндегі орман жағында баланың денесі табылды. 

Күдіктіге іздеу жарияланды. 9 қыркүйек күні түнде полиция қызметкерлері вокзал маңындағы аумақтан 1996 жылы туған бұрын сотты болған Игентай Сопыжановты ұстады. 

Қазіргі уақытта Сопыжанов жасаған қылмысын мойындады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

«Жасалған сот-медициналық экспертизаға сәйкес, бала механикалық асфиксиядан қаза болған. Қылмыскер оның мойны мен кеудесін қатты затпен басып, буындырған», - делінген Қарағанды облысы ПД хабарламасында.

Бұдан бөлек, баланың 2, 3-қабырғасы сынған, жабық бас-ми жарақатын алған, бассүйек негізі мен күмбезі сынған, мидың екі жақ бөлігінің жұмсақ қабығына қан құйылған, сонымен қатар оң жақ өкпесі езіліп кеткен.

«Диагноз алдын ала қойылды. Гистология қорытындысы шыққаннан кейін нақты диагнозы анықталатын болады», - деді полиция департаментідегілер.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қаза болған 3 жасар баланың әжесі жантүршігерлік оқиғаның қалай болғанын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы