Өлген қоқиқаздарға байланысты анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 24 сәуір күні Facebook әлеуметтік желісінде Бейнеу ауданына қарасты Сам құмында Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген 5 өлген қоқиқаздың (фламинго) құм арасында жатқан бейнежазба таралған.
Қазіргі таңда, осы оқиға бойынша «Сам» мемлекеттік орман қорының инспекторлары жедел түрде шығып, анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның Ақтөбе филиалының инспекторлары, Бейнеу аудандық ПБ-нің қызметкері Бейнеу ауданын аумағындағы Сам құмы және оған іргілес жатқан аумақтарда қарау жұмыстарын жүргізіп жатыр, - делінген Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы таратқан хабарламада.
Сонғы кезде Маңғыстау облысының аумағында ауа райы шаңды дауылдар, желді болып тұр.
Жыл құстарының миграциясы Бейнеу ауданы аумағынан өтеді. Осындай қолайсыз ауа райында, құстардың миграциясы кезінде ішіндегі әлсіздері орта жолда қонып, әрі қарай солтүстік бағытқа ұша алмай, олардың өліміне әкелген болуы мүмкін. Бұл аумақта су көздері жоқ. Құстар табылған жағдайда, ветеринарлық дәрігерлер тарапынан тиісті сынамалар алу жұмыстары жүргізіледі, - делінген хабарламада.